Шымкентте шетелдік журналистер мен блогерлердің қатысуымен халықаралық баспасөз туры өтіп жатыр. Қонақтарға қаланың тарихы, қазақ халқының дәстүрі, ұлттық тағамы мен оңтүстік өңірдің мәдени мұрасы таныстырылды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Турға қатысушылардың бірі – Түркиядан келген 24 жастағы журналист Энес Шахин. Ол Қазақстан мен Шымкентке алғаш рет келіп отыр.
Журналист сапар қорытындысында Қазақстанның тарихы мен мәдениеті туралы арнайы материал дайындауды жоспарлаған. Оның ерекше қызығушылығын қазақтың көшпелі мәдениеті тудырды. Шымкентте Энес Шахин киіз үйдің дәстүрлі құрылымымен танысты. Оған баспананың әр бөлшегінің қызметі, ұлттық ою-өрнектердің мәні мен тарихи мазмұны түсіндірілді.
Энес Шахин көшпелі халықтардың өмірі мен тарихы журналист ретінде өзін ерекше қызықтыратынын айтты. Ол сапар барысында көргенін Түркия тұрғындарына жеткізгісі келеді.
Журналист қазақ киіз үйінің элементтері мен ұлттық оюлардың ата-баба тарихымен байланысын көрсетуді жоспарлап отыр. Оның пікірінше, түркі халықтарының мәдениетін жақындастыратын ортақ құндылық көп.
Баспасөз туры кезінде қонақтарға Шымкент пен оңтүстік өңірдегі тарихи орындар таныстырылды. Мамандар қазақ халқының өткені мен мәдени мұрасы туралы мәлімет берді.
Қатысушылар ұлттық өнер түрлерімен танысып, садақ атудан өз мүмкіндігін сынады. Мұндай тәжірибелік бағдарлама шетелдік қонақтарға дәстүрді көріп қана қоймай, оны жақыннан сезінуге мүмкіндік берді.
Халықаралық баспасөз туры Шымкентте төртінші рет ұйымдастырылып отыр. Жоба қаланың туристік бағыттарын шетелдік ақпарат кеңістігінде кеңінен танытуға арналған. Биылғы сапар бағдарламасына жергілікті «Ордабасы» футбол клубының матчын тамашалау да енгізілген. Осы арқылы қонақтарға қаланың спорттық өмірі көрсетіледі.
Ұйымдастырушылар шетелдік журналистер мен блогерлердің жарияланымдары жаңа аудиторияның назарын Шымкентке аударады деп есептейді. Материалдар қаланың көрікті орындары мен тарихын танытуға ықпал етеді.
Халықаралық медиамен байланыс Шымкенттің туристік тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Баспасөз туры мегаполисті ұлттық дәстүр, тарихи мұра және заманауи қалалық мәдениет тоғысқан бағыт ретінде көрсетуге арналған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







