Бадам су қоймасында байдарка және каноэде марафондық есуден Қазақстан чемпионаты аяқталды. Жалпыкомандалық есепте Шымкент құрамасы үшінші орынға ие болды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Ел біріншілігінде Шымкент спортшылары 22 медаль жеңіп алды. Жарысқа Қазақстанның тоғыз өңірінен келген ескекшілер қатысып, жүлделі орындарға таласты.
Спортшылар 2 мың және 10 мың метрлік қашықтықтарда сынға түсті. Сонымен бірге аралас экипаждар арасында 5 мың метрге жарыстар ұйымдастырылды.
Чемпионат бағдарламасы қатысушылардың жылдамдығымен қатар төзімділігін, күшін дұрыс бөлу қабілетін және ұзақ қашықтықтағы тактикалық дайындығын сынады. Спорт шебері Жахонгир Жамедов марафондық жарысқа Азия ойындарынан кейін дайындала бастағанын айтты. Құрлықтық додада ол негізінен қысқа әрі жылдам спринтерлік қашықтықтарға басымдық берген.
Оның сөзінше, спринттен марафондық есуге ауысу жаттығу тәртібін өзгертуді талап етеді. Ұзақ қашықтықта спортшы күшін үнемдеп, жарыс қарқынын соңына дейін сақтауы керек.
Жахонгир Жамедов Қазақстан чемпионатының маусымды қорытындылайтын маңызды жарыс болғанын атап өтті. Турнир спортшылардың жыл бойы атқарған жұмысының нәтижесін бағалауға мүмкіндік берді.
Жалпыкомандалық есепте Қарағанды облысының құрамасы көш бастады. Қарағандылықтар 27 жүлде жеңіп алса, Қызылорда облысының командасы есептеу нәтижесі бойынша екінші орынға тұрақтады.
Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Тимофей Емельянов чемпионат барысында бапкерлер жас спортшыларға ерекше назар аударғанын жеткізді. Оларға тәжірибелі ескекшілермен бірге жарысу мүмкіндігі берілген.
Жастардың бірқатары ересек спортшылармен бір экипажда өнер көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды. Мұндай тәжірибе олардың шеберлігін арттырып, үлкен жарыстарға бейімделуіне көмектеседі.
Чемпионатта барлығы 74 жүлде жиынтығы сарапқа салынды. Қашықтықтар мен экипаждардың әртүрлі болуы жас спортшылардан бастап тәжірибелі атлеттерге дейін өз мүмкіндігін көрсетуге жол ашты.
Шымкент құрамасының 22 медаль жеңіп, үздік үштікке енуі қаладағы ескек спортының әлеуетін тағы бір мәрте байқатты. Бапкерлер ендігі міндет жас спортшыларды шыңдап, келесі маусымдағы республикалық және халықаралық жарыстарға дайындау екенін атап өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







