Шымкенттегі Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің ашылғанына 25 жыл толды. Мерейтойға орай ғалымдар, жоғары оқу орнының оқытушылары және жазықсыз жазаланған азаматтардың ұрпақтары қатысқан республикалық конференция өтті, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Басқосуда саяси қуғын-сүргін кезеңін зерттеу, тарихи құжаттарды сақтау және құрбандардың есімін кейінгі ұрпаққа жеткізу мәселелері талқыланды. Қатысушылар архив материалдары мен жеке тағдырларға қатысты зерттеулерін таныстырды.
Музейдегі сондай оқиғалардың бірі Жұмабек Қыстаубаевтың өмірімен байланысты. Орталық комитетте нұсқаушы болып қызмет еткен кезінде ол саяси қудалауға ұшыраған.
Кейін Жұмабек Қыстаубаев ақталып, туған жеріне оралды. Ол Түлкібас ауданындағы шаруашылықтарда еңбек етіп, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосты.
Әкесінің өмір жолы туралы ұлы Алатау-Балқаш Қыстаубаев айтып берді. Оның сөзінше, ақталғаннан кейін Жұмабек Қыстаубаев Абай ауылындағы колхозды басқарған.
Қуғын-сүргінді бастан өткерген азамат өмірінің соңына дейін туған өлкесінде еңбек етті. Жұмабек Қыстаубаев 1958 жылдың желтоқсанында дүниеден өткен.
Оның тағдыры сол кезеңде жазықсыз айып тағылып, өмірі күрт өзгерген мыңдаған адамның тарихымен сабақтас. Ұрпақтары әке мен ата туралы деректерді сақтап, музей қорын толықтыруға үлес қосып келеді.
Музей қорында саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты құжаттар, фотосуреттер және жеке заттар сақталған. Экспонаттардың елеулі бөлігі 1930–1940 жылдардағы оқиғаларды қамтиды.
Музей бөлімінің жетекшісі Біржан Әбдіқалидың айтуынша, қызметкерлер тарихи материалдарды жинау мен жүйелеу жұмысын жалғастырып жатыр. Әрбір жаңа дерек жазықсыз жазаланған азаматтардың тағдырын тереңірек тануға мүмкіндік береді.
Конференцияға еліміздің әр өңірінен саяси қуғын-сүргін тақырыбын зерттеп жүрген мамандар шақырылды. Олардың қатарында ғалымдар, оқытушылар және оңтүстік өңірдегі қуғындалған азаматтардың ұрпақтары болды.
Ширек ғасыр ішінде музей тарихи жадыны сақтайтын маңызды ғылыми-танымдық орталыққа айналды. Мұнда жиналған құжаттар мен жеке оқиғалар өткеннің қасіретін ұмытпауға және одан сабақ алуға үндейді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







