Шымкентте тоғыз ай ішінде 4,8 мыңға жуық мәдени іс-шара ұйымдастырылып, оған үш миллионнан астам көрермен мен қатысушы жиналды. Қалада концерттер, фестивальдер, спектакльдер, музей және кітапхана жобалары өткізілді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Есепті кезеңде Шымкент театрлары 22 жаңа қойылымның тұсаукесерін өткізді. Жалпы көрермен назарына 846 спектакль ұсынылған.
Театр қойылымдарын 157 мыңнан астам адам тамашалады. Бұл көрсеткіш қала тұрғындарының сахна өнеріне деген қызығушылығы жоғары екенін аңғартты.
Сонымен қатар мегаполисте 14 концерт ұйымдастырылды. Алайда халықаралық деңгейдегі ірі музыкалық шараларды өткізуге арналған кең ауқымды алаң әлі де қажет.
Қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаев Шымкентте 30-40 мың көрермен қабылдайтын алаң жоқ екенін айтты.
Оның сөзінше, мұндай инфрақұрылымның болмауы танымал шетелдік орындаушыларды шақыру мүмкіндігін шектейді. Бұл бағытта Астана мен Алматының мүмкіндігі әзірге жоғары.
Қазір Шымкентте жаңа стадион салынып жатыр. Сонымен бірге болашақта «Шымкент Арена» кешенін іске асыру жоспарланған.
Аталған жобалар жүзеге асса, мегаполис ірі концерттер мен халықаралық мәдени іс-шараларды қабылдай алады. Жаңа алаңдар қаланың туристік тартымдылығына да ықпал етпек.
Қалада мемлекеттік тілді оқыту жұмысы да жалғасып келеді. Жыл басынан бері Тілдерді оқыту орталығында 111 оқу тобы жасақталып, шамамен 1300 адам білім алуда.
Тыңдаушылардың жартысына жуығы қазақ тілін үйреніп жүр. Сабақтар мемлекеттік тілдің күнделікті қарым-қатынас пен қызмет көрсету саласындағы қолданысын кеңейтуге бағытталған.
Мамандар кәсіпкерлік нысандарындағы жарнамалық маңдайшалардың тіл туралы заңнамаға сәйкестігін тексерді. Басқарма мәліметінше, нысандардың 98 пайыздан астамы мемлекеттік тілді қолданады.
Талапты бұзған 40-қа жуық кәсіпкерге ескерту беріліп, екі нысанға айыппұл салынды. 1 қазаннан бастап жаңа маңдайша нобайлары дизайн-кодқа, ғимарат сәулетіне және тілдік талаптарға сәйкестігі бойынша алдын ала келісуден өтеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







