Шымкентте «Қырандар қалықтағанда: мемлекеттің негізін қалаған қос тұлға туралы хикая» атты жаңа цифрлық комикс таныстырылды. Туындының авторы – шымкенттік жазушы әрі комикс жасаушы Бек-Ата Даниял, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Жоба Абылай хан мен АҚШ-тың тұңғыш президенті Джордж Вашингтонға арналған. Автор екі тұлғаның өмірі мен мемлекет қайраткері ретінде қалыптасу жолындағы ұқсастықтарды көрсеткен.
Комиксте олардың жастық шағы, әскери қызметі және ел тағдырына ықпал еткен шешімдері баяндалады. Тарихи деректер жастарға түсінікті визуалды форматта ұсынылған.
Жобаның таныстырылымы Астана мен Шымкент қалаларында қатар өткізілді. Кездесуге қатысушылар туындының мазмұнымен және оны әзірлеген шығармашылық топпен танысты.
Бек-Ата Даниялдың айтуынша, америкалық тараппен бірлесіп жүзеге асырылған екінші жоба. Бұған дейін шығармашылық топ «Азаттыққа бастар ұзақ жол» комиксін шығарған.
Жаңа туынды Қазақстан мен АҚШ тарихындағы ұқсас үдерістерді салыстыру тақырыбын жалғастырады. Автор екі халықтың еркіндікке ұмтылысын басты рухани үндестік ретінде көрсеткен.
«Біздің елдерді азаттыққа деген ұмтылыс, қонақжайлық және өзара көмектесуге дайын болу жақындастырады. Абылай хан мен Джордж Вашингтонның өмірі осы ұқсастықтарды жастарға түсінікті түрде жеткізуге мүмкіндік береді», – деді автор.
Комикс қазақ және ағылшын тілдерінде жарық көрді. Онда екі қаһарманның жас жауынгерден беделді саяси әрі әскери көшбасшыға дейінгі жолы сипатталған.
Жобаның көркемдік бөлігін астаналық суретші Абылай Кәрін әзірледі. Ол тарихи кейіпкерлердің бейнесін комикс жанрының ерекшелігіне бейімдеп ұсынған.
Мәтіндерді көркем орналастыру және әріптік безендіру жұмысын леттеринг маманы Элина Заббарова атқарды. Оның айтуынша, жоба барысында өзара түсіністігі қалыптасқан тұрақты команда жұмыс істеген.
Таныстырылым кезінде қонақтарға комикстің идеядан дайын өнімге дейінгі жасалу барысы айтылды. Көрермендер авторлармен пікірлесіп, тарихи деректер мен көркем шешімдер туралы сұрақ қойды.
«Қырандар қалықтағанда» комиксінің цифрлық нұсқасы қазақ және ағылшын тілдерінде тегін қолжетімді. Шығармашылық топ қазірдің өзінде келесі бірлескен жобаны талқылауға кіріскен.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







