Шымкентте мектеп оқушылары арасында «Өз дәстүріңді білесің бе?» атты зияткерлік байқау өтті. Қатысушылар ұлттық салт-дәстүр, тарих және мәдениет жөніндегі білімін ортаға салды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Жарысқа қатысқан оқушылар алдын ала арнайы дайындалып, қазақ халқының әдет-ғұрыптары туралы деректер жинаған. Топтар сайыс барысында білімімен қатар ұйымшылдығын да көрсетті.
Қатысушылардың бірі – жетінші сынып оқушысы Ұлар Мұса. Ол ұлттық құндылықтарға қызығып, көркем әдебиеттерді тұрақты оқитынын және байқауға командасымен бірге дайындалғанын айтты.
«Дәстүр – ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын құнды мұра. Өз мәдениеті мен ұлттық құндылықтарын біліп, бағалайтын адамның рухы мықты болады», – деді оқушы.
Байқау кезінде мектеп оқушылары ұлттық тарих пен дәстүрге арналған сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ логикалық және танымдық тапсырмаларды орындады.
Командалар қазақтың әдет-ғұрпын көрсететін сахналық қойылымдар ұсынды. Көріністерде салттардың орындалу тәртібі мен тәрбиелік мағынасына назар аударылды.
Тапсырмалар қатысушылардың шығармашылық қабілетін, тапқырлығын және көпшілік алдында өзін ұстау шеберлігін бағалауға мүмкіндік берді. Оқушылар кітаптан алған білімін сахнада көрсетті.
Ұлар Мұсаның айтуынша, мұндай іс-шаралар балалардың таным көкжиегін кеңейтеді. Сонымен бірге оқыған мәліметтерін өзгелермен бөлісуге және жаңа дерек үйренуге жол ашады.
Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы мектеп оқушыларымен тұрақты жұмыс жүргізеді. Балаларға арналған сабақтар, тақырыптық кездесулер және танымдық экскурсиялар ұйымдастырылады.
Орталық іс-шараларға қолданбалы өнер шеберлерін де шақырады. Оқушылар ұлттық бұйымдардың жасалу тәсілдерін көріп, олардың тұрмыстағы және мәдениеттегі орнын танып-біледі.
Орталықтың ғылыми қызметкері Ләззат Қадырбек салт-дәстүрлер сахналық қойылымдар арқылы түсіндірілетінін айтты. Мамандар мектептерге барып, әр ғұрыптың мәні мен шығу тарихын таныстырады.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, байқау балаларға дәстүрді жаттап қана қоймай, оның мағынасын терең түсінуге көмектеседі. Осындай жобалар жас ұрпақтың ұлттық тарих пен мәдениетке қызығушылығын арттырады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







