Қазақстанда әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі аудиториясы 5 мыңнан асатын анонимді парақшалар мен арналардың иелерін мемлекеттік арнайы тізілімге міндетті түрде тіркеу туралы норма заң жобасына енгізілді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz. Құрылтайда бірінші оқылымда мақұлданған жаңа түзетулер онлайн кеңістікте өз аты-жөнін жасырып келген ірі пабликтер мен Telegram-арналардың қожайындарын ресми түрде жария етуді талап етеді.
Бастапқы жоба қалай өзгерді?
Онлайн-платформалар мен бұқаралық ақпарат құралдары туралы заң жобасының алғашқы нұсқасында оқырманы 5 мыңнан асатын барлық қоғамдық парақшаларды, соның ішінде белгілі блогерлерді, ресми БАҚ-тарды және мемлекеттік органдарды түгел тіркеу көзделген болатын.
Алайда депутаттар бұл талаптың тым жалпылама екенін алға тартып, ашық жұмыс істеп жатқан танымал журналистер мен қоғам белсенділерін қайта тіркетудің еш қисыны жоқ екенін ескертті. Депутаттардың бастамасымен норма қайта қаралып, негізгі назар тек авторлары белгісіз жасырын аккаунттарға ғана бағытталды.
Министрдің уәжі: 120 мың заңсыз контент
Мәдениет және ақпарат министрлігі депутаттардың бұл ұсынысын толықтай қолдады. Ведомство басшылығы мемлекет үшін аты-жөні жария тұлғалар емес, көлеңкеде отырып аудитория жинаған анонимді арналар басты бас ауруына айналғанын жасырмады.
Министр заң жобасын әзірлеу кезінде жүргізілген талдау нәтижелеріне тоқталып, жасырын пабликтердің заңбұзушылықтарын алға тартты. Оның айтуынша, күмәнді материалдардың едәуір бөлігі дәл осы топтар арқылы таралады.
«Шынында да, парақшаның кімге тиесілі екені белгілі болса, оны мемлекеттік органдар үшін де, басқалар үшін де қайта тіркеудің қажеті жоқ. Негізгі мәселе 5 мыңнан аса жазылушысы бар анонимді аккаунттарда болып отыр. Біз заң жобасын дайындау барысында 120 мыңнан астам заңға қайшы контентті анықтадық. Соның 20 пайыздан астамы дәл осындай ірі анонимді парақшаларға тиесілі болды», – деді Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев.
Тіркелмегендерге қандай жаза қолданылады?
Парламенттегі талқылаулар кезінде депутаттар жаңа тізілімге өз деректерін беруден бас тартқан анонимді арналарға қатаң шаралар қарастырылатынын мәлімдеді. Заңды елемеген жасырын парақшаларға трафикті тарылту немесе Қазақстан аумағында оларды толық бұғаттау тетіктері енгізілмек.
Мәліметтер базасына кімдердің қол жеткізе алатыны әзірге нақтыланған жоқ. Алдын ала ұсыныс бойынша, авторлар туралы құпия ақпарат уәкілетті министрлік пен құқық қорғау органдарының ғана қолында болады, ал қажет болған жағдайда азаматтар ресми сұрау арқылы мәлімет ала алады.
Деанонимизация: Саяси инсайдтар мен сыни пабликтерге тосқауыл
Ресми билік бұл бастаманы жалған ақпаратпен, кибербуллингпен және заңсыз контентпен күрес ретінде түсіндіріп отыр. Алайда сарапшылар мемлекеттің жасырын пабликтерді жаппай деанонимизациялауға, яғни авторлардың шын бейнесін ашуға көшуінің түпкі саяси астары терең екенін айтады.
Қазақстанның медиа кеңістігінде соңғы жылдары ең ықпалды пікір алаңына айналғандар — дәл осы анонимді Telegram-арналар мен инсайдерлік пабликтер. Шенеуніктердің былықтарын, билік дәліздеріндегі жасырын текетірестерді, сыбайлас жемқорлық деректерін қорықпай жариялап, халыққа жедел жеткізіп келген осы арналар болатын. Енді олардан шын есімін мемлекетке тапсыруды талап ету — саяси инсайдтар мен бақылаусыз сыни ақпаратты тұншықтырудың тиімді құралына айналуы мүмкін.
Атын атап, түсін түстеген автор автоматты түрде құқық қорғау орындарының қысымына ұшырайтыны анық. Ал тіркеуден бас тартса, арнасы бұғатталады. Басты сұрақ — жаһандық платформалар, әсіресе Telegram биліктің бұл талабына қаншалықты бағынады? Цифрлық шектеулер саяси ашықтықты жойып, балама ойды тек VPN мен көлеңкелі желілерге қуып тығу қаупін туғызып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







