Осыдан бес ғасыр бұрын Анд тауларының 6300 метрлік Ампато шыңына көтеріліп, қайта оралмаған үш баланың өмірі мен олардың соңғы сәттеріне қатысты тың деректер анықталды. Ғалымдар заманауи сот-медициналық сараптамалар, томография және шаш пен тырнақ құрамының химиялық талдауы арқылы инктердің «капакоча» деп аталатын адам құрбандықтарының шынайы тарихын қайта қалыптастырып шықты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Перу, Чили және Аргентина аумағындағы биік шыңдардан 1990 жылдары табылған «мұз мумиялары» табиғи суық пен құрғақ ауаның арқасында мінсіз сақталған. Денелері ұйықтап жатқан адам кейпінде көрінетіндіктен, олар ұзақ жылдар бойы археологтар мен антропологтардың ерекше зерттеу нысаны болып келеді. Алайда жаңа ғылыми талдаулар балалардың өмірінің соңғы апталары бұрын ойлағаннан әлдеқайда күрделі болғанын көрсетті.
Тірілер мен құдайлар арасындағы дәнекер
XV–XVI ғасырларда шарықтау шегіне жеткен Инк империясында балалар мен жас бойжеткендерді құрбандыққа шалу қасиетті рәсім саналған. Инктер адам құрбандығы арқылы жер сілкінісі мен жанартау атқылауы сияқты табиғи апаттардың алдын алуға немесе құдайлардың («апу») мейіріміне ие болуға тырысқан. Таңдалған балалар дүние салғаннан кейін рухтар мен тірілер әлемінің арасындағы дәнекер саналды.
Испан жылнамаларында құрбандыққа тек мінсіз сұлу, асыл тұқымды балалар таңдалып, бұл отбасы үшін зор мәртебе болғандығы жазылған. Зерттеуші, 1995 жылы «Хуанита» (Мұзды бикеш) мумиясын алғаш тапқан Йохан Рейнхард мұндай артефактілердің құндылығын жоғары бағалады.
«Бұл мұздатылған мумиялар — біз көре алатын ең шынайы уақыт капсулалары», – деді антрополог Йохан Рейнхард.
Жол азабын жеңілдеткен заттар мен сусындар
Биыл жарияланған ауқымды зерттеу барысында Варшава университетінің биоархеологы Дагмара Соха бастаған ғалымдар тобы сегіз баланың мумиясынан алынған шаш пен тырнақ үлгілерін токсикологиялық сараптамадан өткізді. Нәтижесінде сапар алдында оларға белгілі бір өсімдіктер мен сусындар берілгені дәлелденді.
Тексерілген барлық баланың ағзасынан кока жапырақтарының белгілері анықталды. Бұл өсімдік биік таудағы оттегі жетіспеушілігі мен шаршауды басуға көмектескен. Ал төрт мумиядан жүгеріден ашытылған «чича» деп аталатын дәстүрлі сыраның қалдықтары табылды. Ең таңғалдырғаны, «Хуанита» денесінен аяуаска құрамында кездесетін гармин алкалоидының іздері байқалған.
«Жылнамаларда балалардың психологиялық жай-күйіне ерекше көңіл бөлінгені, олардың құдайларға қуанышпен, үрейсіз баруы маңызды болғаны айтылады. Сондықтан оларға тыныштандыратын қоспалар берілген», – деп түсіндірді ғалым Дагмара Соха.
Томография ашқан жантүршігерлік шындық
Компьютерлік томография мен заманауи сканерлеу тәсілдері бұрынғы кейбір түсініктерді түбегейлі өзгертті. Осыған дейін барлық балалар тек биіктіктің суығынан үсіп қайтыс болды деген пікір басым еді. Алайда соңғы зерттеулер олардың кейбірінің бас сүйегіне қасақана күшті соққы жасалғанын анықтады.
Чилидегі Ұлттық жаратылыстану мұражайының маманы Вероника Сильва-Пинто жүргізген қосымша зерттеулер капакоча рәсімі тау шыңындағы соңғы сәтпен ғана шектелмегенін көрсетеді. Балалар тауға жеткізілмес бұрын империяның түкпір-түкпірін мыңдаған шақырым жаяу аралап, ұзақ айларға созылған қасиетті жоралғыларға қатысқан.
Ғалымдардың пайымдауынша, адам құрбандықтары тек діни рәсім ғана емес, сонымен бірге жаңа жерлерді бағындырған билеушілердің өз билігін саяси тұрғыда бекіту тәсілі болған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







