Шымкентте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға арналған жаңа жоба іске қосылды. Есту қабілеті бұзылған балаларға арналған №1 арнайы мектеп-интернаты мен Shymkent Creative Hub орталығы өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойып, «Креативті бейсенбі» бастамасын қолға алды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Келісім аясында оқушылар апта сайын қолөнердің жаңа түрлерін меңгеріп жүр. Шеберлік сабақтарында балалар сәндік бұйымдар жасауды, сазбен жұмыс істеуді, сурет салуды және қолданбалы өнерді үйренеді. Кезекті кездесу дәстүрлі қазақ кілем тоқу өнеріне арналып, жасөспірімдер жіппен жұмыс істеді.
Балаларды төл өнерге баулып жүрген кілем тоқу шебері Камила Абдусаматқызы жасөспірімдердің ынтасы жоғары екенін атап өтті.
– Бүгін біз орталықта балаларға кілем тоқуды үйретіп жатырмыз. Оқушылар үлкен қызығушылық танытып отыр. Қазақтың кілем тоқу өнері — ата-бабамыздан келе жатқан мұра. Балалардың жіпті құлшыныспен қолға алып, осы кәсіпті енді меңгере бастағанына өте қуаныштымын. Осы өнерді сақтап, кейінгі буынға жеткізу үшін жастарды кілем тоқуға баулуды жалғастыра береміз, – деді Камила Абдусаматқызы.
Ұлттық қолөнерді игеру балаларға жаңа тәжірибе сыйлап қана қоймай, олардың ішкі әлеуетін ашуға жол ашады. Мұндай сабақтар шығармашылық ойлауды дамытып, жеткіншектердің қоғамға тезірек бейімделуіне және өздерін сенімді сезінуіне көмектеседі.
Мектеп-интернаттың еңбекке баулу пәнінің мұғалімі Гаухар Шырынқұлқызы апта сайын өтетін сабақтардың мазмұны үнемі жаңарып тұратынын айтты.
– Мұнда әр бейсенбі сайын шеберлік сабақтары өтеді, тақырыптар әр жолы әртүрлі. Өткен жолы жүнмен жұмыс істесек, бүгін жіп иіру мен кілем тоқуды үйреніп жатырмыз. Бүгін мектебімізден он бала келді. Жалпы бізде 220 оқушы білім алады, мұндай сабақтар оларға өте қажет. Өйткені балалар өмірге бейімделуі тиіс. Жүннен, жіптен, эпоксидті шайырдан өз қолымен түрлі бұйымдар жасап, кейін соны сату арқылы табыс табуға және келесі жұмысқа қажетті материалдар сатып алуға болатынын көрсетіп жүрміз, – деп бөлісті Гаухар Шырынқұлқызы.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шығармашылық кездесулер балалардың ұсақ моторикасын, көркемдік талғамын және өзіне деген сенімін арттырады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







