Белгілі журналист Бигелді Ғабдуллин өзінің кезекті сараптамалық материалында Қазақстандағы суицид індеті мен жастар арасындағы өзіне қол жұмсау деректеріне терең талдау жасап, мемлекеттік органдар мен оқу орындарының жауапкершілігін көтерді. Автор әр ведомствоның статистикасындағы алшақтықтарға назар аударып, психологиялық көмек жүйесінің тиімділігіне үңілді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бигелді Ғабдуллин мақаласын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студентінің қазасына байланысты қоғамда қайта жанданған талқылаудан бастайды. Әдетте қайғылы оқиғадан соң қызу пікір айтылып, уақыт өте келе бәрі басылып қалатынын еске салған автор тергеу аяқталмай жатып нақты себеп пен кінәліні атауға болмайтынын ескертеді. Университет марқұмның отбасына көңіл айтып, тергеу органдарына жәрдемдесіп жатқанын хабарлаған. Соған қарамастан журналист жастардың ауыр психологиялық күйін кім бірінші байқауы тиіс және көмек сұраған соң не өзгереді деген өзекті сауалдарды алға тартады.
Автор ең алдымен ресми статистикадағы үлкен қайшылыққа назар аударады. Мәселен, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанда суицид салдарынан 1382 адам көз жұмған. Ал 2026 жылдың 31 қазанында халықаралық International Journal of Environmental Research and Public Health журналында жарияланған ғылыми зерттеу Бас прокуратураның әкімшілік деректеріне сүйене отырып, 3191 жағдайды көрсеткен.
Журналист ашық дереккөздерден мұндай алшақтықтың нанымды түсіндірмесін таппағанын алға тартып, мемлекеттік органдардан ашық есеп беруді талап етеді.
«Мемлекеттік органдар осы деректердің қалай түзілетінін, әр жүйеде нақты не есепке алынатынын және нәтижелердің неліктен мұншалықты өзгеше шығатынын түсіндіруі қажет. Түсінікті статистика болмайынша, қоғам мәселенің ауқымын объективті бағалай алмайды», – деп жазды Бигелді Ғабдуллин.
Осы ғылыми зерттеуде 2025 жылы 3008 суицид әрекеті тіркелгені айтылған. Ғалымдар тек ресми тіркеуге іліккен жағдайлар ғана есепке алынғанын, яғни жасырын қалған оқиғалар статистикадан тыс қалуы мүмкін екенін ескерткен.
Автор кәмелетке толмағандар арасындағы көрсеткіштерге айрықша алаңдайды. 2025 жылы 5 пен 17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер арасында 199 өлім мен 404 суицид әрекеті тіркелген. Барлық тіркелген өлім-жітім ішінде балалардың үлесі 2020 жылғы 4,11 пайыздан 2025 жылы 6,24 пайызға дейін өскен. Зерттеушілер халық санының өзгеруін ескергенде әр балаға шаққандағы жеке тәуекелдің сызықтық өсімі анықталмағанын айтқанымен, үлестің артуы ерекше назар аударуды қажет етеді. Сонымен қатар Мәдениет және ақпарат министрлігінің дерегінше, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында 14 пен 34 жас аралығындағы жастар арасында 534 суицид оқиғасы және 969 әрекет тіркелген.
Университет — тек дәрісхана мен емтихан алаңы емес
Ғылым және жоғары білім министрлігінің ақпаратына сүйенген автор 2023 жылдан 2026 жылдың қазанына дейін еліміздің жоғары оқу орындарында 34 суицид тіркелгенін келтіреді: 2023 жылы – 3, 2024 жылы – 7, 2025 жылы – 18, ал 2026 жылдың он айында – 6 жағдай. Әсіресе 2025 жылғы 18 қайғылы оқиға студенттік ортадағы ахуалға терең үңілуге итермелейді.
Автор әр жағдайдың өз себебі барын мойындай отырып, оқу орындарының міндеті тек сабақ кестесі мен диплом берумен шектелмеуі тиіс екенін баса айтады. Жаңа орта, тұрмыстық-қаржылық түйткілдер, емтихан күйзелісі мен отбасы үмітін ақтау қысымы жастарға оңай тимейді.
Министрлік мәліметінше, жоғары оқу орындарында 277 психолог жұмыс істеп, әдістемелік құралдар жаңартылуда. Алайда Бигелді Ғабдуллин университеттердегі психологиялық қызметтердің қағаз жүзіндегі есеп пен нақты өмірдегі көмек арасындағы алшақтығына күмән келтіреді: студенттер психологқа сене ме, ата-анасы мен оқытушыларына білдірмей көмек ала ала ма, кураторлар шәкірт бойындағы тұйықталуды дер кезінде байқай ма деген сауалдар қояды.
Есеп беру мен нақты көмектің арасы
Журналист мемлекет тарапынан атқарылып жатқан шараларды жоққа шығармайды. Мәселен, вице-президент Ерлан Карин 2025 жылдың шілдесінде журналист Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында қиын жағдайдағы жасөспірімдерді анықтау тетіктеріне тоқталған. Соның бірі — мектептердегі QR-кодтар. Кариннің сөзінше, жүйе арқылы бір аптада 10 мыңға жуық хабарлама түсіп, соның мыңға жуығы шұғыл назар аударуды қажет еткен. Ал 2025 жылдың алғашқы бес айында дәл осы QR-кодтар арқылы дағдарыс күйіндегі 28 бала анықталып, көмек көрсетілген. Сондай-ақ вице-президент жасөспірімдер суициді алдыңғы жылмен салыстырғанда 17 пайызға азайғанын мәлімдеген. Автор мұны үміт беретін көрсеткіш деп бағалағанымен, тұрақты нәтижеге көз жеткізу үшін кейінгі жылдардың салыстырмалы дерегі керегін ескертеді.
Бұдан бөлек, Оқу-ағарту министрлігінің дерегі бойынша, еліміздің жиырма өңірінде психологиялық қолдау орталықтары жұмыс істейді. 2026 жылдың басынан бері 33 мыңнан астам адам кеңес алып, 25 мыңнан астам алдын алу шарасы ұйымдастырылған. 111 байланыс орталығына суицид қаупі, буллинг және зорлық-зомбылық бойынша 2600-ге жуық өтініш түскен.
Дегенмен Бигелді Ғабдуллин алғашқы кеңестен кейінгі жүйелі бақылаудың жоқтығына алаңдайды. Оның пайымдауынша, бір баланың тағдырына отбасы, мектеп, психологтар, медицина мен әлеуметтік қызметтер араласқанымен, төтенше сәтте осы құрылымдардың іс-қимылын кім үйлестіретіні бұлыңғыр. Журналист қиындыққа тап болған адам әр мекеме өз міндетін формалды орындап, жауапкершілікті біріне-бірі ысырған ведомствоаралық кеңістікте жалғыз қалмауы тиіс екенін шегелейді.
Мақала түйінінде автор суицидтің алдын алу үшін сенімді мамандар даярлау, жастарға қоғам тарапынан сөгіс пен жариялылықтан қорықпай жүгінуге жағдай жасау, отбасы мен оқу орындарында адамға деген күнделікті жанашырлық мәдениетін қалыптастыру маңызды екенін жазады. Сонымен қатар ресми статистикадағы қайшылықтар ашық түсіндірілуі тиіс.
«Біз жастарды үнемі Қазақстанның болашағы деп атаймыз. Ендеше, олардың бүгінгі мәселесіне қаншалықты мұқият қарайтынымызды салтанатты жиындар мен есептерден емес, жас адам өз қиындығымен жалғыз қалуы мүмкін қарапайым өмірден байқап көрейік. «Кім жауапты?» деген сұрақ әлі ашық тұр. Оған кезекті қайғылы оқиғадан кейінгі мәлімдемелермен емес, нәтижесі нақты көрінетін әрі тексеруге болатын іспен жауап беру қажет», – деп түйіндеді Бигелді Ғабдуллин.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







