Еуропалық-жапондық BepiColombo зонды Меркурийге жетті. Бұл туралы аппаратты 2018 жылдың қазанында ұшырған Еуропалық ғарыш агенттігі мәлімдеді. Осы уақыт ішінде ғарыш аппараты 10 миллиард шақырым жолды еңсерген. Агенттік дерегінше, зонд жердегі орталықпен байланыста, ал Дармштадттағы (Германия) Еуропалық ғарыштық ұшуларды басқару орталығының мамандары телеметриялық деректерді белсенді түрде сараптауда, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ғаламшарды зерттеу міндеттері
Меркурийді екі түрлі орбитадан зерттеу үшін BepiColombo құрамынан алдын ала көптеген құрылғылармен жабдықталған екі автономды жерсерік бөлініп шықты. Олар планетаның магнит өрісін, ядросын және газ қабығын зерттеп, беткі қабатының картасын түсіруі тиіс.
Миссия планетада судың бар-жоғын, оның неден құралғанын және қалай қалыптасқанын анықтауға көмектеспек.
Мақсатты орбиталарға аппараттар 2026 жылдың желтоқсанында және 2027 жылдың наурызында шығуы жоспарланған. Ал ғылыми жұмыстар 2027 жылдың сәуір айында басталуы тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







