Шымкенттегі Ұлттық ұланның 6506 әскери бөлімінде жас сарбаздардың Отанға адалдық антын қабылдау рәсімі өтті. Елдің әр өңірінен шақырылған 350-ге жуық жауынгер әскери міндетін абыроймен орындауға серт берді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімнің саптық алаңында өткен салтанатты шараға бөлім командирі, полковник Кенжебек Түкешов, әскери қызметшілер, ардагерлер, сарбаздардың ата-аналары мен туыстары қатысты.
Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы облыстары мен Астана қаласынан келген жастар бір айдан астам уақыт арнайы дайындықтан өтті. Осы аралықта әскери тәртіпке бейімделіп, саптық және дене дайындығын меңгерді. Қару қолдану ережесімен, күнделікті әскери қызметтің талаптарымен танысты.
Рәсім әскери бөлімнің Жауынгерлік туын алып шығудан және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаудан басталды. Сап түзеген сарбаздар Конституция мен заңдарды сақтауға, ел қауіпсіздігін қорғауға және әскери борышын адал атқаруға ант берді.
Әскери ант – жаттап айтылатын мәтін ғана емес. Ол жас азаматтың Отан алдындағы жауапкершілігін мойнына алып, жеке мүддеден ел мүддесін биік қоятынын білдіретін серт. Ұлттық рух та тәртіпке бағынудан, туған жерге адал қызмет етуден және ел тыныштығын қорғауға дайын болудан басталады.
Полковник Кенжебек Түкешов жас жауынгерлерді өміріндегі маңызды кезеңмен құттықтап, қабылданған антқа адал болудың жауапкершілігіне тоқталды. Ардагерлер мен ата-аналар да сарбаздарға қызметті табысты атқарып, елге аман оралуын тіледі.
Баласының сапта тұрып, Отанға адалдық антын айтқанын көру ата-ана үшін ерекше толқынысты сәт болды. Кеше ғана азаматтық өмірден келген жастардың тәртіпке бейімделіп, бір сапта нық қадам басуы олардың бойындағы жауапкершілікті байқатты.
Салтанат соңында сарбаздар әскери оркестрдің сүйемелдеуімен саптық жүріп өтіп, «Мен қазақпын» әнін орындады. Көрерменге әскери оркестрдің плац-концерті мен дефиле қойылымы ұсынылды.
Ант қабылдаған жауынгерлер енді Шымкентте қоғамдық тәртіпті сақтап, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған қызметтік-жауынгерлік міндеттерге кіріседі. Олардың әр қызмет күні әскери тәртіптің ғана емес, елге деген құрмет пен ұлттық рухтың нақты көрінісіне айналмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







