Шымкенттегі алғашқы тәуелсіз театр «Разработка» заманауи пьесаларды сахналап, көрерменмен тікелей байланыс орнататын қойылым түрлерін іздестіріп жүр. Алёна мен Максим Бутаковтардың жеке спектакль қоюдан басталған жобасы жас актерлер мен режиссерлердің өз идеясын сахнада сынауына мүмкіндік берді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Алёна Бутакованың айтуынша, театр құруға Алматыдағы тәуелсіз сахналардың тәжірибесі түрткі болған. Бастапқыда олар Шымкентте жекелеген спектакль қоюды ойлаған. Кейін бастама тұрақты театр ұжымына ұласты. «Разработка» атауы да жұмыс үстінде туған. Команда әр қойылымда оқиғаны жеткізудің жаңа тәсілін іздеп, соны қала көрерменіне ұсынуды мақсат еткен.
Әлемдік премьера және жаңа жанр ізденісі
Театрдың алғашқы үш қойылымының бірі – «Звонок с места преступления». Максим Бутаковтың айтуынша, пьеса 2024 жылғы желтоқсанда жазылған. Команда авторға сахналау құқығын сұрап хабарласқанда, бұған дейін ешкім мұндай өтініш білдірмегені белгілі болған. Актердің айтуынша, Шымкенттегі көрсетілім пьесаның әлемдік премьерасына айналды.
Детектив жанры көрерменді оқиғаның қалай аяқталатынын білгісі келетін күйге түсіреді. Бутаковтардың қойылымында кейіпкердің сол оқиға үстінде не сезінетініне де екпін берілген.
Максим Бутаков театрдың күнделікті тұрмыста кездесетін ұсақ келіспеушіліктен бастап, қоғамға ортақ мәселелерге дейін қозғайтынын айтады. Заманауи пьесаның артықшылығы да осында. Көрермен кейіпкердің әрекетінен өзіне таныс жағдайды көріп, оған қалай жауап берерін ойлайды.
Креативті индустрияға қосылған үлес
Театр туралы алғашқы сұхбатта 12 адамнан құралған ұжымның әр мүшесі идея ұсынып, режиссураны қолға ала алатыны айтылған. Сол кезде команда отбасылық «Бремен музыканттары» мен Гогольдің «Ойыншыларын» қарастырып, аудиоспектакль мен көрерменді әрекетке тартатын қойылым әзірлеуді де жоспарлаған.
Тәуелсіз театрдың Шымкенттің креативті индустриясына қосатын үлесі осындай жұмыстан көрінеді. Жас актер өз идеясын ұсынып, режиссер ретінде сынап көре алады. Ал көрермен жаңа пьесаның алғашқы көрсетілімін өз қаласында тамашалап, сахнадағы оқиғаға жақыннан куә болады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







