АҚШ президенті Дональд Трамптың күйеубаласы әрі арнайы өкілі Джаред Кушнер Таяу Шығыс пен Украинадағы қақтығыстарды реттеу жөніндегі келіссөздерге араласып жүрген тұста, оның жеке қоры америкалық ірі қорғаныс мердігерінің акцияларын иеленген. The Atlantic басылымы жариялаған журналистік зерттеуге сәйкес, инвестордың әскери сектордағы құпия қаржылық үлесі АҚШ-тағы аралық сайлау аяқталғанға дейін ресми құжаттардан тыс қалып келген, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Сайлаудан кейін ғана ашылған құжаттар
АҚШ Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссиясына (SEC) түскен жаңа деректер бойынша, Кушнер құрған Affinity Partners инвестициялық қоры Коннектикутта орналасқан Arxis әскери корпорациясының 689 411 акциясын сатып алған. Бағалы қағаздар пакеті шамамен 32 миллион долларға бағаланады. Мәміле Трамп сайлауда жеңіске жетіп, Кушнер бітімгер ретінде қоғамдық қызметке оралғаннан кейін жасалған.
Федералдық ережелерге сәйкес, активі 100 миллион доллардан асатын инвестициялық менеджерлер әр тоқсан аяқталғаннан кейін 45 күн ішінде портфелін жария етуге міндетті. Алайда Affinity Partners тамыз айында тапсырған Form 13F есебінде Arxis туралы бірде-бір дерек келтірмеген. Қор тек 5 қарашада — конгресске аралық сайлау өткеннен кейін екі күн өткенде ғана құжатқа өзгеріс енгізіп, әскери өндірушінің акцияларын қосқан.
«Affinity Partners қорғаныс компаниясындағы 32 миллион долларлық үлесін АҚШ-тағы аралық сайлаудан екі күн өткен соң ғана ресми тізімге қосты. Бастапқы есепте бұл активтің не себепті көрсетілмегені ресми түрде түсіндірілмеді».
Arxis нені өндіреді және қалай табыс табады?
Arxis биылғы сәуір айында Nasdaq биржасына шыққан аэроғарыш және қорғаныс саласындағы 30-дан астам кәсіпорынның басын біріктіреді. Компания F-35 жойғыш ұшақтарына, «Вирджиния» класты атом сүңгуір қайықтарына, DDG-51 эсминецтеріне, SPY-6 радарлары мен зымыранға қарсы кешендерге аса маңызды бөлшектер дайындайды. Аталған әскери техникалардың дені қазіргі уақытта Таяу Шығыс пен Шығыс Еуропада белсенді қолданылып жатыр.
Өткен жылы компания 1,6 миллиард доллар кіріс тауып, қаржының 47 пайызға жуығын қорғаныс пен ғарыш тапсырыстарынан алған. Биржаға шыққалы бері Arxis акциялары шамамен 60 пайызға өсті. Инвесторларға арналған ресми баяндамасында корпорация геосаяси шиеленістер мен соғыс ошақтарының жалғасуы әскери бюджеттердің өсуіне және олардың өнімдеріне деген сұраныстың артуына тікелей ықпал ететінін ашық атап өткен.
Мүдделер қақтығысы және дипломатиялық күдіктер
Кушнердің халықаралық жанжалдарды реттеуші дипломат ретіндегі міндеті мен әскери мердігердегі үлесі арасындағы қайшылық саяси ортада үлкен дау тудырды. Ол Газа мен Ливандағы атысты тоқтату, сондай-ақ Украина мен Ресей арасындағы бітімгершілік процессінде Вашингтонның бейресми келіссөзшісі қызметін атқарып келеді.
Қазан айында CNN арнасы Affinity Partners қорының израильдік Phoenix Financial компаниясына салған 129 миллион доллары туралы зерттеу жариялаған еді. Себебі Phoenix өз кезегінде Газа соғысынан пайда көріп отырған тоғыз жергілікті қару өндірушінің ірі инвесторы болып шықты. Ол кезде Кушнер әлеуметтік желіде жауап беріп, өзінің қару-жарақ өндірушілермен тікелей байланысы жоқ екенін айтып, сындарды жоққа шығарған болатын.
«Жалған хабарлар президент Трамп маған сеніп тапсырған жұмыстан — соғыстарды тоқтатуға, тараптарды мәмілеге келтіруге және бейбітшілікке қол жеткізуге көмектесуден мені алшақтата алмайды», – деп мәлімдеген еді Джаред Кушнер желідегі парақшасында.
Дегенмен, сол мәлімдемелер кезінде америкалық Arxis әскери өндірушісіндегі 32 миллион долларлық тікелей үлес көпшіліктен жасырылып қалған. Кушнер басқаратын қор қаражатының негізгі бөлігі, атап айтқанда 2 миллиард доллары Сауд Арабиясының мемлекеттік әл-ауқат қорынан (PIF) және Парсы шығанағының басқа монархияларынан тартылған. Осыған байланысты америкалық сарапшылар мен саясаткерлер жеке бастың қаржылық мүддесі АҚШ-тың сыртқы саясаты мен бейбітшілік келіссөздерінің бағытына әсер етуі мүмкін деп алаңдаушылық білдіріп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







