Журналист Денис Кривошеев өзінің жеке парақшасында «Қазақстан темір жолы» (ҚТЖ) ұлттық компаниясы басқарма төрағасының логистика жөніндегі орынбасары Ерлан Қойшыбаевтың мансап жолы мен бұрынғы даулы істеріне арналған журналистік зерттеуін жариялады. Автор «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларының қамауға алынуы төңірегіндегі шу басыла бастаған тұста теміржол саласындағы өзге де назар аударарлық жайттарды жіліктеп көрсетті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
28 жастағы басшы және Даниал Ахметовпен туыстық
Денис Кривошеев өз зерттеуінде Ерлан Қойшыбаевтың мансаптық өсу қарқыны мен даулы жағдайлардағы орнықтылығына назар аударады.
Журналистің атап өтуінше, мұндай өрлеу оның саяси салмағы басым Даниал Ахметовтің күйеу баласы екенімен байланысты заңдылықтай көрінеді.
Автор келтірген өмірбаян деректеріне сүйенсек, Қойшыбаев 2007 жылы университетті бітіре салысымен Қаржы министрінің көмекшісі қызметіне орналасқан. Үш жылдан соң «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС-нің инвестициялық жобалар департаментінің директоры, ал тағы бір жылдан кейін «Көлік логистикасын дамыту ұлттық орталығы» АҚ вице-президенті болған. 2013 жылы, 28 жасында «Көлік қызметтері орталығы» АҚ президенті атанса, сонымен қатар «Қазақстан индустрияны дамыту институты» АҚ басқарма төрағасының орынбасары және Қостанай облысы әкімінің орынбасары лауазымдарын атқарған. 2015–2018 жылдары ҚТЖ-ның еншілес компаниясы саналатын «KTZ Express» АҚ бас директорының логистика жөніндегі орынбасары қызметін атқарып, 2021 жылдың мамырында «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары креслосына жайғасқан.
Вагондар, төмендетілген тарифтер және екі рет жабылған қылмыстық іс
Кривошеев зерттеуінде Қойшыбаевтың даулы жағдайлардан аман шығуының бастапқы мысалы ретінде 2019 жылғы 26 қаңтардағы істі келтіреді. Сол күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жеке компания директорының арызы негізінде ҚТЖ мен оның еншілес құрылымдарында лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалану деректері бойынша қылмыстық іс тіркеген.
Журналист келтірген тергеу материалдарында 2016–2018 жылдары KTZ Express тарапынан Interlog multimodal, KIK Logistics, «Грузовой оператор», «Рауан-Транс Астана», UVI Logistics, SEN Oil және Perfect Logistics секілді құрылымдарға (кейбірінің жүздеген миллион мен миллиардтаған теңге қарызы болған) көлік-экспедициялық қызметтер төмендетілген тарифпен көрсетілгені айтылған. Сондай-ақ автор мынадай нақты сандарды келтіреді:
2017 жылы шамамен 4 мың жартылай вагон тәулігіне 6 500 теңгеден жалға беріліп, кейін 9 000 теңгеден қосалқы жалға өткізілген; бір вагоннан түскен 2 500 теңгелік айырмашылық мемлекет қазынасынан 3,65 миллиард теңгені сыртқа алып кетуге мүмкіндік берген;
нарықтық құны 12 мың теңгеге дейін жететін 3 772 астық таситын вагон 3 484 теңгеден беріліп, тәулігіне әр вагоннан бірнеше мың теңге табыс түспей қалған;
арызданушылардың дерегінше, нарықтық бағасы 10 миллион теңгеден асатын жүк вагондарын сатуда жекелеген жағдайларда 1000–2000 доллар деңгейіндегі бағалау қолданылған.
Дегенмен, Кривошеев жазғандай, аталған іс 2019 жылдың шілдесінде қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты жабылып, кейбір эпизодтары бөлек өндіріске шығарылған. 2022 жылы тергеу қайта жанданып, қызметкерлер мен компания өкілдерінен жауап алынып, кейбір фигуранттардың елден шығуына шектеу қойылған. Алайда 2023 жылғы 23 ақпанда Бас көлік прокурорының орынбасары тараптар арасында азаматтық-құқықтық қатынастар болғанын, залал мен қылмыс құрамы дәлелденбегенін және ҚТЖ тарапынан ешқандай шағым тіркелмегенін көрсетіп, қылмыстық істі қайта тоқтатқан. Журналист сол кезде KTZ Express-тің бұрынғы орынбасары ҚТЖ басқарма төрағасының орынбасары лауазымына өтіп қойғандықтан, компания тарапынан шағым болмауы таңғалдырмайтынын меңзейді.
Orda жарияланымы және «Заң мен Тәртіп» сауалы
Бұдан бөлек, Денис Кривошеев 2022 жылдың қаңтарында бұрынғы Orda басылымы жариялаған ҚТЖ қызметкерлерінің ел президентіне жолдаған анонимді үндеуін еске салады. Хат авторлары ұлттық компания басшылығын озбырлық пен KTZ Express арқылы заңсыз ақша шығаруға айыптаған еді.
«Хат авторларының пікірінше, мұнымен мемлекетке алты миллиард теңгеден астам залал келтірген Ерлан Қойшыбаев айналысады… Аудиторлық компаниялардың барлық қорытындылары мүлдем еленбейді, қайын атасының қорғауында отырған Қойшыбаев KTZ Express арқылы өзіне үлестес компанияларға тиімді жағдай жасау жөніндегі қызметін жалғастырып жатыр», – деп жазған еді Orda басылымы.
Зерттеуін түйіндеген журналист «Заң мен Тәртіп» қағидаты жай ғана жарияланып қоймай, нақты іске асатын елдерде мұндай дау-дамайлар аясында ұлттық компаниялардың басшылығы баяғыда-ақ қызметінен кетер еді және даулы беделмен кезекті мансаптық өсуге қол жеткізбес еді деген пікір білдіреді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







