Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына бір ай қалғанда Құрылтай депутаттары барлық фракциялардың атынан отандастарға арнайы үндеу жолдап, елдің соңғы жеті жылдағы негізгі жетістіктерін саралады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Құрылтай мінберінен мәлімдемені оқыған депутат Дихан Қамзабекұлы ел Конституциясында «Тәуелсіздік» пен «Егемендік» ұғымдарының алғаш рет бас әріппен жазылуы мемлекеттіліктің кемелденгенін білдіретінін атап өтті. Үндеуде соңғы жылдары жүзеге асқан саяси реформалар мен заң мен тәртіп қағидаттары қоғам дамуының мызғымас іргетасына айналғаны айтылды.
Қайтарылған активтер мен әлеуметтік әділдік
Депутаттар әділетті мемлекет құру жолында заңсыз сыртқа шығарылған капиталды елге қайтару ісі нақты нәтиже беріп жатқанына тоқталды. Қазіргі уақытта қайтарылған қаржының бір триллион теңгеден астамы әлеуметтік маңызы бар жобаларға бағытталуда.
Балалардың келешегіне арналған бағдарламалардың да ауқымы кеңейді. Соңғы үш жыл ішінде Ұлттық қордың инвестициялық табысы өскелең ұрпақтың есепшотына теңдей аударылып келеді. Қазір 7 миллионнан астам баланың шотына жалпы көлемі 2,5 миллиард АҚШ долларына пара-пар қаражат түскен.
Экономикалық көрсеткіштер мен инфрақұрылым
Үндеуде елдің экономикалық қауіпсіздігі мен әлеуметтік инфрақұрылымына қатысты нақты деректер келтірілді. Жеті жыл ішінде 1300-ден астам жаңа мектеп, 1483 балабақша, 1259 медициналық мекеме және 536 мәдениет пен спорт нысаны салынған. Ғылым саласын қаржыландыру көлемі 3,6 есеге өсіп, 261,5 миллиард теңгеге жетті.
Қаржылық тұрақтылықтың кепілі саналатын алтын-валюта резервтері мен Ұлттық қор активтері 44 пайызға артып, 130 миллиард долларға жуықтады. Осы кезеңде 625 жаңа өнеркәсіп орны іске қосылып, ауыл шаруашылығы өндірісі 24 пайызға артқан. Ең бастысы, жалпы ішкі өнім көлемі 2,5 еседей ұлғайып, 398 миллиард долларды құрады. Аталған көрсеткіш Қазақстанды Орталық Азиядағы көшбасшылық деңгейге шығарды. Мемлекеттік қызметтердің 90 пайызы цифрлық форматқа көшірілді.
«Халықтық құрылыс» және алдағы міндеттер
Құрылтай өкілдері Президент Тоқаевтың тәуелсіздік пен егемендікті нығайтуға қатысты бастамаларын нақты іспен қолдауға шақырды. Парламентарийлер ел әлеуетін арттыру үшін ауқымды жасампаздық жобаларға жұмылудың маңызын еске салды.
«Бүгін жұдырықтай жұмылып, ұлт болып ұйысып, Президентіміз жариялаған «Құрылыс және тағы да құрылыс!» халықтық бастамасын нақты іспен қолдауымыз керек. Тіпті бұл әрбіріміз үшін абыройлы міндет. Мұны 35 жылдық белес аясында басталған тегеурінді, ауқымды жоба деп айта аламыз. Халық игілігіне арналған жүздеген әлеуметтік, ал ауыл-аймақтарда мыңдаған инфрақұрылымдық нысандар салынып, баршаның пайдалануына беріледі», – делінген үндеу мәтінінде.
Депутаттар Тәуелсіздіктің 35 жылдық белесі алдағы мақсаттар мен міндеттерді айқындайтын жауапты кезең екенін, ал қоғамдық сананың жаңаруы мен бірлік ел дамуының басты тетігі болып қала беретінін атап өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







