Президент кеңесшісі Бауыржан Омаров «Егемен Қазақстан» газетінің «Санаткер ұлт» жобасы аясында өткен іс-шарада көршілік қағидасы мен халықтық татулықтың мән-маңызы туралы пікір білдірді. Ол көршімен тату тұру дәстүрі мемлекеттер арасындағы бейбіт ынтымақтастықтың да негізі екенін атап өтті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Көрші ақысы – тәңір хақысы
Өз сөзінде Бауыржан Омаров Президент Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында көршімен тату болу халқымыздың дәстүрлі құндылықтарының бірі екеніне айрықша тоқталғанын еске салды. Сол жиында Мемлекет басшысы қазақтың қуанышта да, қиындықта да көршісіне сүйенгенін айтып, дін мен дәстүрде «Көрші ақысы – тәңір хақысы» деген ата-баба өсиеті барын тұжырымдаған еді.
Президент кеңесшісі мемлекетаралық деңгейдегі кең ауқымды татулықтың өзі қарапайым тұрмыстағы қоңсылас жандардың ауызбіршілігінен басталатынына назар аударды.
«Әрине, биліктің биігіндегі тұлғалар көршілік қағидасын үй мен үйдің қоңсылығынан гөрі ел мен елдің жақындығына көбірек телитіні анық. Дегенмен мемлекеттер мекеніне қатысты кең ауқымдағы тату көршіліктің өзі есіктес қоныстанған екі-үш адамның ынтымағынан басталатыны рас», – деді Бауыржан Омаров.
Халық нақылдарындағы татулық өсиеті
Сонымен қатар Президент кеңесшісі «Еншіні әке береді, Көршіні Құдай береді», «Адал көршісі бардың арманы жоқ», «Тыныштық – елшіден, Татулық – көршіден», «Жақсы көрші – жарты әлем» және «Көршің сенімді болса, Іргеден жел соқпайды» деген халық нақылдарын келтіріп, адами қарым-қатынастың осындай түрін тағдырдың сыйына балады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







