Шымкенттік жас жазушы Сүндет Сейітовтің «Дрон шоу» романы АҚШ пен Аустралияны қоса алғанда, шетелдегі 300-ден астам кітапхананың қорына енді. Туындыны ағылшын тіліне өзі аударған қаламгер америкалық баспадан шыққан романының қазақша нұсқасын жарыққа шығарғысы келеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Құрылыста басталған қолжазба
Романның алғашқы қолжазбасы қазақ тілінде жазылған. Сейітов оны құрылысшылармен бірге жұмыс істеп жүрген кезінде қолға алғанын айтады. Күндіз құрылыста еңбек етіп, кешке ноутбугын ашып, кейде таңға дейін жазған. Ағылшынша нұсқасына америкалық баспа қызығушылық танытып, кітап етіп шығарған. Автордың айтуынша, роман әуелі АҚШ-тың 31 штатындағы кітапханаларға жетіп, кейін елдің барлық 50 штатына тараған. Ол кітаптың Перу мен Мексикада да қолжетімді болғанын және Аустралия ұлттық университетінің қорына енгенін айтты.
Шығарманың басты кейіпкерлері – дрон шоуын көрсетіп, әлем аралаған екі қазақстандық. Олар сапар барысында соғыстан зардап шеккен жұртқа көмек қолын созады. Роман геосаяси шиеленістің салдарын азық-түлік пен киімге мұқтаж қалған адамдардың тағдыры арқылы ашады. Баланың әкесінен, ал әкенің туған жерінен жырақ қалуы оқиғаның бейбітшілікке үндейтін желісін тереңдете түседі.
Кітапханашы әрі күзетші
Романды оқыған студент Мелек Алиева кей тұсында көзіне жас алғанын айтты. Оның сөзінше, шығарма кітап оқуға деген ықыласын арттырған. Ал Сейітов үшін ағылшын тіліндегі басылымнан кейінгі маңызды міндет – өзі алғаш жазған қазақша мәтінді ел оқырманына жеткізу.
Сүндет Сейітов Шымкенттегі Пушкин атындағы кітапханада күндіз кітапханашы, түнде күзетші болып еңбек етеді. Қазақша басылымды әзірлеуге әзірге қаржы жетіспейді. Демеуші табылса, жазушы қолжазбаны кітап етіп шығармақ.
Қаламгердің шығармашылық жолындағы тағы бір белес – АҚШ Авторлар гильдиясына мүшелікке қабылдануы. Қазір ол америкалық әдеби агенттермен келіссөз жүргізіп жүр.
Сейітов алдағы уақытта романды киносценарийге бейімдеп, Netflix платформасына ұсынуды да жоспарлап отыр. Шымкентте қазақша жазылып, шетелде ағылшын тілінде жарық көрген туындының ендігі жолы қазақша басылымға байланысты. Автор сол басылым арқылы бейбітшілік туралы әңгімесін өз елінің оқырманымен жалғастырғысы келеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







