Бүгін, 29 қарашада, Қазақстан Республикасында жергілікті мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтуде, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Шымкент қаласында сайлау учаскелері таңғы сағат 07:00-де өз жұмысын бастады. Алғашқылардың бірі болып қаладағы №101 сайлау учаскесі ашылды. Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ғимаратында орналасқан учаскеде дауыс беру науқанына барлық дайындық жұмыстары жүргізілген.
Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы С. Кенжебаевтың айтуынша, сайлау учаскелерінде дауыс беруді ұйымдастыру үшін қажетті жағдайлар жасалған.
«Бүгінгі сайлау – жергілікті өкілді органдарды қалыптастырудағы маңызды саяси науқан. Мәслихат депутаттары тұрғындардың мүддесін білдіріп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелерді шешуге қатысады. Атап айтқанда, жергілікті бюджетті бекіту, әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымды дамыту, халықты толғандырған мәселелерді көтеру – мәслихат жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Сондықтан сайлаушылардың әрбір дауысы маңызды. Азаматтардың белсенді қатысуы жергілікті басқару жүйесінің қоғаммен байланысын нығайтып, тұрғындардың өз өңірінің дамуына атсалысуына мүмкіндік береді», – дейді С. Кенжебаев.
Комиссия төрағасының сөзінше, сайлау учаскелерінде дауыс беру заңнамада белгіленген тәртіппен ұйымдастырылып, азаматтардың өз таңдауын еркін білдіруіне жағдай жасалған.
Айта кетейік, жергілікті мәслихат депутаттарының сайлауы – азаматтардың өз қаласы мен өңірінің болашағына қатысты шешімдер қабылдауға қатысуының маңызды тетігі. Сайлау қорытындысы бойынша қалыптасатын депутаттық корпус алдағы кезеңде жергілікті деңгейдегі өзекті мәселелерді шешуге атсалысады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







