Ақтөбелік кәсіпкер Әнуар Ақмырзаұлы Олимпиада чемпионы атанған дзюдошы Елдос Сметовке 100 жылқы сыйлады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Кәсіпкер жеңісті жаңалықты отбасымен бірге көріп, ерекше толқығанын айтады. Ел намысын қорғаған спортшыға берілген бұл сыйдың жалпы құны 100 миллион теңге.
«Елдоспен жеке таныстығым жоқ. Бірақ оның әрбір жарысын қалт жібермей, үнемі жанкүйерлік танытамын. Ол бұған дейін Олимпиадада күміс пен қола алған еді. Осы жолы алтынды қанжығасына байласа екен деп тілекші болып жүрген ағаларының бірімін. Бүгін сол арман орындалды. Жеңісі үшін, халқымызға осындай қуаныш сыйлағаны үшін арнайы хабарласып, өзіне 100 жылқы беретінімді айттым», – дейді Әнуар Ақмырзаұлы.
Ол мұндай сыйды жасауының тағы бір себебі ретінде жас спортшылардың жігерін жанып, ауыл жастарына үлгі болсын деген ниетін атап өтті.
«Өзімнің кәсібімді де кезінде дәл осылай 100 жылқыдан бастағанмын. Бұл малдың барлығы асыл тұқымды жүйріктер. Біреуінің бағасы 1 миллион теңге шамасында. Елдос енді ешкімге алаңдамай, өз мектебін ашып, чемпион шәкірт тәрбиелесін деп тілек білдірдім. Қазақта «жүйрікке – тұлпар» деген жақсы сөз бар, бұл сыйдың да мәні – осы», – дейді кәсіпкер.
Әнуар Ақмырзаұлы жақын арада чемпионды Ақтөбеге қонаққа шақырып, ауылдағы жас буынмен кездестірмекші.
Айта кетейік, Парижде өтіп жатқан ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарында дзюдошы Елдос Сметов алтын жүлдеге ие болды. Финалдық бәсекеде ол француз спортшысы Лука Мхеидзені жеңіп, ел қоржынына алтын медаль салған еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

