Абай облысында жалпы құны 20,6 млрд теңге болатын 14 инвестициялық жоба мақұлданды. Жаңа өндіріс, логистика, медицина, туризм және ауыл шаруашылығын қамтитын бастамалар 600-ден астам тұрақты жұмыс орнын ашады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Жобалар облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен инвестиция тарту жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінде қаралды. Инвесторлар Семей қаласы, Жаңасемей және Бесқарағай аудандарында іске асырылатын бастамаларын таныстырды. Кеңес мүшелері олардың экономикалық тиімділігі мен өңір үшін маңызын бағалады.
Семейде тәулігіне 250 тонна жемдік ұн өндіретін бидай мен арпаны қайта өңдеу зауытын салу ұсынылды. Сонымен қатар қосалқы көлік қызметі нысандары бар қойма кешені мен жүктерді қоймалауға арналған арнайы үй-жайлар ашу жоспарланған. Аталған жобалар ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мен сақтау инфрақұрылымын қатар дамытуға бағытталған.
Қалада шағын өнеркәсіптік паркі бар көлік-логистикалық орталық та салынбақ. Жоба жүк ағынын шоғырландырып, кәсіпкерлерге өндірістік және қоймалық алаң ұсынуға мүмкіндік береді. Логистикалық инфрақұрылымның кеңеюі Семейдің өңіраралық саудадағы орнын күшейтуі ықтимал.
Инвесторлар бес жұлдызды қонақ үй-мейрамхана кешенін, сауықтыру-санитарлық орталық пен заманауи сауықтыру кешенін салуды да ұсынды. Күндізгі стационары бар көпсалалы емхана жобасы тұрғындарға медициналық қызметтің жаңа түрлерін ұсынады. Аталған нысандар туризм, денсаулық сақтау және қызмет көрсету саласында жаңа жұмыс орындарын құрады.
«Семей-Павлодар» автомобиль жолының бойында жол сервисі кешені мен кемпинг салу жоспарланып отыр. Осындай жол бойындағы қызмет көрсету нысаны Восточный кентінде де ашылмақ. Жобалар жүргізушілер мен жолаушыларға демалыс, тамақтану және техникалық қызмет көрсету мүмкіндігін ұсынады.
Ауылдан өндіріске дейін
Жаңасемей ауданында ірі қара мал өсіретін шаруашылық кешенін ұйымдастыру жобасы мақұлданды. Инвесторлар тамшылатып суару арқылы жүгері мен кондитерлік күнбағыс өсіруді жоспарлап отыр. Көкөніс, майлы және бұршақ дақылдары үшін айналмалы жаңбырлатып суару машиналары мен тамшылатып суару жүйелері сатып алынады.
Бесқарағай ауданында ағаштар мен көпжылдық дақылдар өсіретін тәлімбақ салу көзделген. Жоба елді мекендерді көгалдандыруға қажетті көшеттерді жергілікті жерде өндіруге жол ашады. Тәлімбақ өңірдің экологиялық жобалары мен орман қорын қалпына келтіру жұмыстарына да өнім жеткізе алады.
Берік Уәли мақұлданған бастамалардың әрқайсысы облыс экономикасының орнықты дамуы үшін маңызды екенін айтты. Оның сөзінше, инвесторларды сүйемелдеу, туындаған мәселені жедел шешу және қолайлы іскерлік орта қалыптастыру қала мен аудан әкімдерінің тікелей міндетіне кіреді. Мемлекеттік органдар кәсіпкерлердің өтініштерін уақытылы қарап, әкімшілік кедергілерге жол бермеуге тиіс.
«Өңірлік үйлестіру кеңесінде мақұлданған барлық инвестициялық жоба ерекше бақылауға алынсын. Қабылданған шешімдер мен міндеттемелер толық әрі уақытында орындалуы қажет. Инвесторларға мемлекеттік қолдау шаралары құзырет шегінде толық көрсетілуге тиіс», – деді облыс әкімі.
Абай облысында инвестициялық жобаларды іске қосу жұмысы бұған дейін де жүргізілген. Қазіргі кезде жалпы құны 34,6 млрд теңге болатын 14 жоба пайдалануға беріліп, 598 жаңа жұмыс орны құрылған. Енді мақұлданған жаңа бастамалар өңірдегі өндіріс пен қызмет көрсету аясын одан әрі кеңейтпек.
Өңірдегі ең ірі жобалардың бірі – құны 577,5 млрд теңге болатын «Аягөз-Бақты» теміржол желісінің құрылысы. Сонымен қатар Miryildiz KZ Ltd. компаниясы 255 млрд теңгеге алтын өндіру фабрикасын, ал инвесторлар 560,5 млрд теңгеге «Айдарлы» тау-кен байыту комбинатын салуды жоспарлап отыр. Аталған нысандар облыстың өнеркәсіптік және транзиттік әлеуетін арттырады.
Мақаншы ауданында «АА Агро Семей» серіктестігі 48,5 млрд теңгеге жасанды интеллектке негізделген агроэкожүйе құруды қолға алған. Eurasia AgroSemey компаниясы жалпы құны 7,7 млрд теңге болатын ет өңдеу кешенін салуды жоспарлап отыр. Соңғы жоба аясында тағы 250 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Ірі және орта инвестициялық бастамалардың қатар жүзеге асуы Абай облысының экономикалық құрылымын әртараптандыруға мүмкіндік береді. Жаңа кәсіпорындар өндіріс, агроөнеркәсіп, логистика, туризм және медицинадағы іскерлік белсенділікті күшейтеді. Негізгі міндет – мақұлданған жобаларды қағазда қалдырмай, белгіленген мерзімде толық іске қосу.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







