Алаяқтық жасағаны үшін сотталған «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы төрағасы Абылай Мырзахметов колониядағы жазасын бас бостандығын шектеу жазасына ауыстыруды сұрады, — деп жазады Ertenmedia Tengrinews.kz-ке сілтеп.
Соттың шешімі қандай болды?
Павлодар қаласының №2 сотының баспасөз қызметі Tengrinews.kz тілшісіне берген жауабында сотталушы жазасының қалған бөлігін бас бостандығын шектеуге ауыстыру туралы өтініш білдіргенін растады.
Өтінішті сот 28 қаңтарда қарады. Ресми мәліметтерге сәйкес сот сотталған адамның қамауда болған уақытын қоса алғанда, жазасын өтеу кезеңіндегі тәртібін қарап, сот отырысына қатысушылардың пікірлерін тыңдаған
Соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, Қылмыстық-атқару кодексінде сотталғандардың үш оң тәртіптік дәрежесі қарастырылған, сондай-ақ жазаны өтеу шарттары (жалпы, қатаң, жеңілдетілген және жеңілдікті) белгіленген.
«Сотталған азаматтың оң тәртіптік дәрежесі жоқ және жазасын жалпы түзеу мекемесінде өтеп отыр. Жаза өтеу мерзімі ішінде ол тек бір көтермелеу алды, ол еңбекке адал көзқарасы үшін берілген. Алайда бұл заң бойынша сотталған адамның тікелей міндеті саналады. Осыған байланысты сот жазаның өтелмеген бөлігін жеңіл жазаға ауыстыру үшін жеткілікті негіздер таппады. Сол себепті сотталған адамның өтініші қанағаттандырылмады», – деп хабарлады Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметі.
Соттың мәлімдеуінше, Мырзахметов жарты жылдан кейін қайтадан осындай өтінішпен сотқа жүгіне алады.
Мырзахметов не үшін сотталды?
Айта кетейік, 2024 жылы мамырда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі соты Абылай Мырзахметовке қатысты аса ірі көлемдегі алаяқтық бойынша қылмыстық істі қарады. Оған бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот жабық режимде өтті.