Карла Жаманқұлова «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының президенті қызметінен кетеді. Қор оның өкілеттігінің аяқталғанын ресми түрде хабарлады. Үш жарым жыл ішінде ұйым тікелей құқықтық көмектен жүйелі заңнамалық жұмысқа дейінгі қызмет ауқымын кеңейткен, деп жазады Ertenmedia.kz.
2022 жылғы желтоқсаннан бері қор өңірлік және республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне, блогерлер мен журналистерге 1989 құқықтық кеңес берді. Ұйым медиа қызметкерлерінің мүддесін 49 сот процесінде қорғады. Сонымен қатар 25 ресми мәлімдеме мен ашық үндеу жариялап, 16 құқықтық шолу әзірледі.
Карла Жаманқұлова басқарған кезеңде қор медиа саласына қатысты заң жобаларын әзірлейтін жұмыс топтарына жүйелі түрде қатысты. Ұйым бұқаралық ақпарат құралдары, ақпаратқа қол жеткізу және журналистердің мүддесіне қатысты нормалар бойынша ұсыныс енгізді. Мұндай тәсіл қабылданып қойған шешімге жауап берумен шектелмей, құжаттардың мазмұнына әзірлеу кезеңінде ықпал етуге мүмкіндік берді.
«Масс-медиа туралы» заңды талқылау кезінде бірқатар қатаң шектеудің енгізілуіне жол берілмеді. Ерекше жағдайларда құқық қорғау органдарына бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты шамадан тыс өкілеттік беру және материалды жарияламас бұрын лауазымды тұлғамен келісу талаптары алынып тасталды. Жала жабуға қатысты талап қою мерзімі бір жыл болып белгіленді.
Бұқаралық ақпарат құралдарының сауалына жауап беру мерзімі жеті жұмыс күнінен бес жұмыс күніне дейін қысқарды. Журналистің қосымша қорғаныс шараларын қамтитын ерекше құқықтық мәртебесі бекітілді. Қор аталған өзгерістерді журналистердің кәсіби қызметін қорғаудағы маңызды нәтижелерінің қатарына енгізді.
Ұйым аккредиттеу саласындағы шектеуші нормаларға да қарсы ұсыныстар әзірледі. Мәдениет және ақпарат министрлігі бұйрығының жобасына балама нұсқалар ұсынылып, журналистің аккредиттеуден бас тарту шешіміне шағымдану құқығы құжатқа енгізілді. Аккредиттеуді тұрақты және уақытша деп бөлу қағидасы да бекітілді.
Журналист құқығын қорғаған жылдар:
Қор Мәдениет және ақпарат министрлігінің 12 бұйрық жобасына ұсыныс жолдады. Сыртқы істер министрлігіне шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарын аккредиттеу шарттарына қатысты пікір беріп, журналистер қауіпсіздігінің ұлттық стратегиясы тұжырымдамасын таныстырды. Ұйым Қылмыстық кодекстің 274-бабының аясын шамадан тыс кеңейтіп түсіндіруге жол бермеу үшін Жоғарғы сотқа нормативтік қаулы қабылдау жөнінде үндеу жасады.
Жаманқұлова басқарған кезеңде қор Қазақстанда шешімдер журналистикасы жанрын жүйелі түрде енгізе бастады. Әлемдік тәжірибеде мойындалған бағытты үйрету үшін жетекші шетелдік сарапшылар тартылды. Осы жанр бойынша 150-ден астам қазақстандық журналист кәсіби дайындықтан өтті.
Қор еліміздің әр өңірінде 53 вебинар, 15 шеберлік сабағын және 28 семинар мен тренинг өткізді. Журналистерге арналған 30 оқыту бейнематериалы жарияланды. Бағдарламалар медиа мамандарының құқықтық сауатын арттырып, жаңа кәсіби стандарттарды меңгеруіне бағытталды.
Карла Жаманқұлова қордағы жұмысын қорытындылап, әріптестері мен серіктестеріне алғыс білдірді. «Біз үшін заң бұзушылықтарды тіркеумен шектелмей, құқық қорғау көмегін талдау және заңнамалық жұмыспен ұштастыру маңызды болды. Командаға, өңірлік тілшілерге, халықаралық серіктестерге және Қазақстанның бүкіл журналистер қауымына адал әрі нәтижелі бірлескен жұмыс үшін ризамын», – деді ол.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







