АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинге арнап пост жазды. Бұл Трамптың ашық сес көрсеткені ме әлде алдын ала ескерткені ме, әлде тіпті жағдайды тез шешкісі келгені ме — бұл жағы бізге беймәлім.
Дегенмен белгілі саясаткер Әміржан Қосан ErtenMedia-ға берген сұхбатында «соғысты тоқтату әлемжелідегі бір жазбамен шешілмейді» деді.
«Соғысты тоқтат! Әйтпесе…» Трамптың Путинге арналған посты
АҚШ президенті Трамп Украинамен арадағы соғысты тоқтату туралы келісім жасалмаса, Ресейге жаңа санкциялар мен сауда баждарын енгізетінін айтты. Бұл туралы ол Truth Social әлеуметтік желісінде жазды.
Трамп постында «Ресейге зиянын тигізбейтінін, орыс халқын жақсы көретінін және президент Путинмен үнемі өте жақсы қарым-қатынаста болғанын» жазды.
Дональд Трамп Ресей мен Украина жақын арада мәміле жасамаса, онда Ресейдің АҚШ-қа және басқа елдерге сататын барлық тауарына жоғары салықтар, баждар, санкциялар салудан басқа амалы қалмайтынын айтты және Ресей-Украина соғысы өзі президент болғанда басталмаған да болар еді деді.
Қазақстандық саясаткер не дейді?
Әміржан Қосанның айтуынша, бұл — саяси пиар бағытындағы шара.
«АҚШ президенті Трамп РФ президенті Путинге әлеуметтік желі арқылы Украинадағы соғысты тоқтату туралы өз ұсыныстарын жеткізіпті. Өз басым мұны саяси пиар бағытындағы қадам деп санаймын, өйткені соғыс сияқты бүкіл әлемге тікелей қатысы бар қияметтің қияметін тоқтату әлеуметтік желі арқылы шешілмейді: дипломатияның заңдары басқаша», — дейді ол.
Сарапшының сөзінше, мұндай жазба — Трамптың өз сайлаушыларына берген («президент болсам, Украинадағы соғысты бір күнде тоқтатамын») сайлауалды уәдесін орындау үшін бар күшін салып жатқанының бір ақпараттық көрінісі, жария дәлелі.
«Ертеңгі күні, уәдесі орындалмай жатса, осы жазбаны көрсетіп, ақталары хақ. Путиннің шегінетін жері жоқ: оның өз электораты бар, олардың ой-санасында неоимпериялық пиғыл басым («Қырым біздікі» дегендей).
Кеше ғана Украина президенті Зеленскийдің өз сөзінде кезінде Путин мынадай талаптар қойғаны жайында айтты: Донбасты Ресейдің бір бөлігі деп тану, орыс тілінің ресми мәртебесі енгізу, Украина Конституциясында бейтарап мәртебе туралы бап енгізу, ел әскерін 50 мыңға дейін қысқарту.
Енді барлық нәрсе Зеленскийдің саяси таңдауына байланысты: Путин басып алған аумақтарды РФ жағында қалдыруға келісім беру оның президенттік карьерасының соңы болмақ», — деп баға берді саясаткер.
Таяу Шығыстағы жағдай туралы
Айта кетейік, жуырда Таяу Шығыста Израиль мен Хамас та келісімге келді. Осы тұста ErtenMedia шығыстанушы, саяси сарапшы Жанат Момынқұловтың да пікірін сұраған еді.
Сарапшы бұл мәселеде тек Трамп емес, Байденнің де ықпалы болғанын айтты.
«Мұндай келісімге қысқа уақытта қол қойылуы Трамптың тікелей әсері деп айтуға болады. Бірақ тек Трамп емес, бұл — Байденнің соңғы қойып кеткен нүктесі. Оның да қауіпсіздік жүйесіндегі дипломаттары, кеңесшілері ретінде Салливан секілді кісілер жұмыс істеді. Одан кейін Трамптың өкілдері жұмыс істеді
Американың тікелей ықпалымен осылай болып отыр. Трамп жеңіспен бастағысы келеді. Өзін жеңімпаз ретінде көрсеткісі келеді. Жұмысын Украинаның алдында «Таяу Шығысты тыныштандыру арқылы енді Украинаны шешеміз» деген оптимизммен бастамақ», — деді бұған дейін ол.