АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы Бруклин федералды сотының алқабилер алқасы қытайлық телекоммуникация алпауыты Huawei компаниясын банктік алаяқтық жасады және коммерциялық құпияларды ұрлады деп айыпты деп таныды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Сот барысында алқабилер компанияға тағылған 12 қылмыстық баптың оны бойынша айыпты дәлелденді деп тапты. Олардың қатарында қаржы институттарын Ирандағы қызметі туралы жаңылыстыру, халықаралық санкцияларды бұзу, электрондық алаяқтық пен америкалық технологиялық компаниялардың коммерциялық құпияларын иемденуге сөз байласу фактілері бар. Сонымен қатар сот алқасы өндірушіні қылмыстық ұйым ретінде әрекет етті және сот төрелігіне кедергі жасады деген қалған екі айып бойынша ақтады.
Айыптаудың негізгі мәні мен алғышарты
Америкалық құқық қорғау органдары жүргізген бұл ауқымды іс 2018 жылдан бері жалғасып келеді. Дәл осы тергеу шараларының салдарынан 2019 жылы ресми Вашингтон Huawei ұйымын ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді деп тауып, сауданың арнайы «қара тізіміне» енгізген болатын. Аталған шектеу компанияның Америка технологиялары мен компоненттеріне еркін қол жеткізуіне тосқауыл қойды.
Тергеу деректеріне сүйенсек, телеком алпауыты санкция салынған Иран нарығындағы коммерциялық байланыстарын жасыру мақсатында халықаралық банктерге жалған дерек берген. Прокурорлардың айтуынша, кезінде бұқаралық ақпарат құралдары компанияның Ирандағы жұмысына қатысты сұрақ қоя бастағанда, қаржы институттары да серіктестіктің шынайы сипатына күмән келтіре бастаған.
Екі айға созылған сот тартысы
Бруклинде өткен сот процесі екі айдан астам уақытқа созылды. Тараптардың дәлел-дәйектерін зерделеу барысында айыптаушы тараптан 60-тан аса куәгер тартылса, қорғаушы топ 15 куәгердің жауабын ұсынды.
АҚШ прокуроры Джозеф Ночелла алқабилердің шығарған шешіміне байланысты қатаң мәлімдеме жасады:
«Huawei ондаған жылдар бойы АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп, коммерциялық ашықтықты бұзды және заң талаптарын аяққа таптады. Мұндай сипаттағы ауыр қылмыстар өте сирек кездеседі», – деді ол.
Қорғау тарапының ұстанымы және келесі қадам
Huawei мүддесін сотта қорғаған заңгер Брайан Хеберлиг компанияның айыптау үкіміне көңілі толмайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар қорғаушылар қылмыстық қауымдастық құруға қатысты ауыр айыптың алынып тасталғанын алға тартты. Олардың пікірінше, алқабилердің бұл шешімі өндірушінің заң талаптарын адал сақтауға ұмтылған корпоративтік мәдениеті барын дәлелдейді.
«Біз шығарылған бұл үкім бойынша міндетті түрде апелляциялық шағым түсіреміз», – деп мәлімдеді Брайан Хеберлиг сот залынан шыққан соң журналистерге.
АҚШ округтік судьясы Энн Доннелли қытайлық корпорацияға қатысты түпкілікті жаза мен айыппұл көлемін 2027 жылдың 14 қыркүйегінде кеседі деп жоспарланған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







