Almaty SuperSki курортының су тұтыну көлемі Алматының жалпы су балансына елеулі салмақ түсірмейді. Жоба Көк-Жайлау шатқалындағы ауыз су жүйесіне қауіп төндірмейді деген қорытынды жасалды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
«Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметі 1994–2025 жылдар аралығындағы деректерге сүйеніп зерттеу жүргізген. Мамандар отыз жылдық гидрологиялық көрсеткіштерді, су көздерінің қуатын және қаладағы тұтыну көлемін салыстырған. Зерттеу қорытындысында курорттың суға сұранысы Алматының орталықтандырылған ауыз сумен жабдықтау жүйесіне кері әсер етпейтіні айтылған.
Жоба аумағындағы шағын тау өзендері мен жылғалар қаланың орталық су жүйесіне қосылмаған. Алматы тұрғындарына берілетін ауыз су басқа су көздерінен алынады. Сондықтан курорт маңындағы шағын су арналары қаладағы негізгі ауыз су қорының қатарына кірмейді.
«Алматы Су» кәсіпорнының мәліметінше, мегаполиске жеткізілетін судың шамамен 70 пайызы жер астынан алынады. Негізгі қор Алматы, Кіші Алматы және Талғар жерасты су кен орындарының ұңғымалары мен Каменское плато учаскесінен тартылады. Қалған 30 пайызға жуық көлем Үлкен Алматы, Кіші Алматы, Кімасар, Қарғалы және Ақсай өзендерінің жерүсті суынан қамтамасыз етіледі.
Алматы жыл сайын шамамен 250 миллион текше метр су тұтынады. Almaty SuperSki курортына жылына 1,02 миллион текше метрге жуық су қажет болады. Көрсеткіш қаладағы жалпы тұтынудың шамамен 0,4 пайызына тең.
Жоба тұжырымдамасында су ресурсын үнемдеу негізгі экологиялық қағидаттың бірі ретінде белгіленген. Курортта су алудың заманауи жүйелері енгізіліп, тұтыну көлемі тұрақты бақылауда болады. Табиғи арналардағы экологиялық ағынды сақтау да инженерлік шешімдердің маңызды бөлігіне айналмақ.
Жоба өкілдерінің мәліметінше, суға қатысты барлық шешім ғылыми зерттеу мен инженерлік есепке сүйеніп қабылданады. Жұмыс барысында Қазақстанның су заңнамасында белгіленген талаптар сақталуға тиіс. Су көздеріне түсетін жүктеме құрылыс кезеңінде де, курорт пайдалануға берілгеннен кейін де қадағаланады.
Зерттеу қорытындысы Almaty SuperSki жобасы Алматыда ауыз су тапшылығын туғызады деген пікірді растамаған. Мұндай қауіпке қатысты болжамдар қаланың су балансы мен нақты тұтыну көрсеткіштеріне сәйкес келмейді. Ұлттық гидрогеологиялық қызмет пен «Алматы Су» деректері курорттың суға сұранысы қала ауқымында мардымсыз екенін көрсетіп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







