Қазақстандықтар 2025 жылға есептелген жеке тұлғалардың мүлік салығын 2026 жылғы 1 қазанға дейін төлеуге тиіс. Алматыда аталған салық 772 мыңнан астам жылжымайтын мүлік нысанына есептелді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілі Әсет Есенжігітовтің айтуынша, мүлік салығын пәтер, тұрғын үй, саяжай, гараж, автотұрақ, қойма және өзге жылжымайтын мүлік иелері төлейді. Салық азаматтың тұрғылықты жеріне емес, нысан орналасқан аумаққа қарай есептеледі.
Төлем көлемі жылжымайтын мүліктің бағалау құнына байланысты. Оны «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы анықтайды. Есептеу кезінде нысанның ауданы, шаршы метрдің базалық құны, тозу деңгейі, орналасқан аймағы және айлық есептік көрсеткіш ескеріледі.
2026 жылдан бастап сән-салтанат коэффициенті енгізілді. Әдепкі мәні бірге тең болғанымен, кей жағдайда 50 пайызға дейін ұлғайтылуы мүмкін. Құны 450 млн теңгеден асатын жылжымайтын мүлікке салық есептеу тәртібі де өзгерді.
Әсет Есенжігітов бағалау құнының нарықтық бағадан әлдеқайда төмен болатынын атап өтті. Мысалы, Самал шағынауданындағы 150 шаршы метрлік пәтердің бағалау құны шамамен 17 млн теңге, салығы 34 мың теңге. Ақсайдағы 76 шаршы метрлік пәтер үшін шамамен 4,5 мың теңге есептеледі.
Салық сомасы банк қосымшаларында және коммуналдық төлем түбіртегінде көрсетіледі. Мәліметті аудандық мемлекеттік кірістер басқармасынан немесе 1414 нөмірі арқылы нақтылауға болады.
Ардагерлерге, мүгедектігі бар азаматтарға, жетім балаларға, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-ананың біріне және көпбалалы аналардың жекелеген санатына жеңілдік беріледі. Алайда жеңілдік толық босатуды білдірмейді. Мүлік құны заңда белгіленген шектен асса, артық бөлігіне салық есептеледі.
Алматыда жеке тұлғаларға тиесілі 772 372 нысан тіркелген. Олардың жиынтық бағалау құны 3,7 трлн теңгеден асады. 2025 жылға есептелген мүлік салығының жалпы көлемі 4,8 млрд теңгені құрады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







