Алматыдағы вагон пайдалану депосының директоры аса ірі көлемде пара алды деген күдікпен ұсталды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Polites News басылымының мәліметінше, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті теміржол саласындағы лауазымды тұлғаның заңсыз әрекетінің жолын кескен. Тергеу нұсқасына сәйкес, «Алматинское эксплуатационное вагонное депо» филиалының директоры Қ. Аманбаев 110 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінген.
Күдікті жұмыс кабинетінде ұсталып, кейін Алматы қалалық полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 366-бабы 4-бөлігі бойынша, яғни аса ірі көлемде пара алу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Тергеу барысында күдіктінің тапсырмасымен вагондарды тексеруге жауапты қызметкерлер К. Сапарғалиев пен Ж. Құмғанбаевтың жүк вагондарын заңсыз түрде ағытып отырғаны анықталған. Тергеу мәліметіне сәйкес, «ҚазТемірТранс», «ҚТЖ Экспресс» және басқа да меншік иелеріне тиесілі вагондар жөндеуге жіберілген. Атап айтқанда, олар деполық және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізетін «АГМ-Табыс» ЖШС-не бағытталған.
Қазіргі таңда құқық қорғау органдары бұл іске өзге де лауазымды тұлғалардың қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр. Тергеу аясында «Қазақстан темір жолы» компаниясының бас құрылымындағы қызметкерлер мен қауіпсіздік ревизорларының ықтимал рөлі де зерттелуде.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы аталған оқиғаның 9 сәуір күні болғанын растады. Компания мәліметінше, қазіргі уақытта құзырлы органдар сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.
ҚТЖ өкілдері жемқорлыққа мүлде төзбеушілік қағидатын ұстанатынын және құқық қорғау органдарына барлық қажетті ақпарат пен құжаттарды ұсынып жатқанын хабарлады. Сонымен қатар оқиғаға себеп болған жағдайларды анықтау үшін компанияның комплаенс қызметі арнайы ішкі тексеру жүргізіп жатыр.
Тергеу аяқталып, процессуалдық шешім қабылданғанға дейін ұлттық компания қосымша түсініктеме беруден бас тартты.
Айта кетейік, қазіргі уақытта күдіктілердің кінәсі сотта дәлелденген жоқ. Тергеу амалдары жалғасуда.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






