FlyArystan әуе компаниясы жолаушыларға билет ақшасын қайтаруға қатысты сот процесінде түбегейлі жеңілді. Апелляциялық сот лоукостердің шағымын қанағаттандырмай, тасымалдаушының тұтынушылар құқығын шектеген әрекетін заңсыз деп таныды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Көптен бері жолаушылар арасында қызу талқыланып келген түйткілге алғаш болып Сауда министрлігі назар аударған еді. Ведомство жүргізген тексеріс барысында FlyArystan-ның өз клиенттеріне билет қаражатын қайтару тетіктерін әрі шағым түсіру мүмкіндігін заңсыз шектеп келгені әшкереленді.
Сот жолаушылардың заңды құқығын шектеуге жол берілмейтінін айқындап, тасымалдаушының уәжін тойтарып тастады. Осылайша лоукостердің тұтынушыларға қойған біржақты тосқауылдары заң жүзінде күшін жойды.
«Қайтарылмайтын тарифтер» мен жолаушылардың жылдар бойғы шағымы
Отандық әуе нарығындағы негізгі тасымалдаушылардың біріне айналған FlyArystan қызметіне қатысты наразылық бұған дейін де талай мәрте көтерілген. Жолаушылар әуе сапарынан бас тартуға немесе уақытын ауыстыруға мәжбүр болған сәттерде билет құнын қайтара алмай, қаржысынан қағылатын жағдайлар жиі кездесетін.
«Қайтарылмайтын тариф» саясаты аясында билет сатып алған азаматтар тіпті елеулі себептер туындаған күннің өзінде төлеген ақшасын кері ала алмай дал болатын. Оның үстіне шағымдану рәсімдерінің шектелуі қарапайым тұтынушыларды әуе компаниясы алдында дәрменсіз күйге түсіріп келді. Ішкі бағыттардағы балама таңдаудың аздығы мен нарықтағы үстем жағдайы лоукостерге осындай өктем шарттар қоюға мүмкіндік бергені жасырын емес.
Сот шешімі лоукостер үстемдігіне нүкте қоя ала ма?
Апелляциялық соттың үкімі — нарықта өз ережесін орнатып үйренген тасымалдаушыға берілген маңызды ескерту. Бұған дейін ішкі регламентін заңнан жоғары қойып келген компания енді тұтынушылар құқығын қорғау талаптарымен санасуға мәжбүр.
Дегенмен жалғыз сот шешімі жылдар бойы қалыптасқан монополиялық тәжірибені бір күнде жоя ала ма деген сауал әлі де өзекті. Егер әуе компаниясы ішкі тәртібін түбегейлі қайта қарап, билет қайтару мен шағым қабылдау тетіктерін ашық әрі әділ етпесе, жолаушылардың наразылығы басыла қоймасы анық. Саладағы нақты бәсекелестік артпайынша, тұтынушылар құқығын қорғау ісінде мемлекеттік бақылау мен осындай сот шешімдері негізгі қорған қызметін атқармақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







