Ресейге қарсы қысымды күшейту мәселесі АҚШ Конгресінде қызу талқылануда. Мұны Ақ үй қожайыны Дональд Трамптың өзінің президенттік ұшағында кетіп бара жатып айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Трамп журналистердің «Ресейге қысымды күшейтетін уақыт жеткен жоқ па?» сауалына бұл мәселені Конгресс қызу талқыланып жатқанын жеткізді.
– Маған жеткен хабар бойынша Конгресс бұл бағытта жұмыс істеп жатыр. Ол заң жобасы өте қуатты болады. Ресеймен соғысып жатқан елге қарсы әрекет еткендерге санкция салуға мүмкіндік береді, – деді АҚШ президенті.
Осы жауаптың өзі-ақ Вашингтонның қандай бағытқа бет алғанын байқауға болады. АҚШ тек Мәскеуге ғана емес, сонымен бірге Ресеймен сауда жасап, оның бюджетін толықтырып отырған кез келген елге қатаң шара қолдану жоспарын қарастыруда.
Трамптың айтуынша, тізімге Иран да кіруі мүмкін. Бұл қадам АҚШ-тың Ресейге қатысты стратегиясының тек әскери емес, экономикалық саланы да қамтитынын көрсетеді.
Қызығы, Ресеймен сауда жасайтын ең ірі елдердің қатарында Үндістан мен Қытай бар. Сенатор Линдси Грэм осы елдерді тікелей атап, Ресейдің әскери машинасы дәл осылардың арқасында тоқтамай тұрғанын бірнеше мәрте айтқан болатын. Тіпті ол Ресейден мұнай, газ, уран сатып алатын елдерге 500 пайыздық баж салығын енгізуді ұсынғаны есімізде.
– Үндістан мен Қытай Путиннің мұнайының 70 пайызын сатып алып отыр. Бұл Ресейдің соғыс мүмкіндігін ұлғайтып жатыр. Менің заң жобамды 84 сенатор қолдады. Мұндай салық оларды келіссөз үстеліне мәжбүр етеді, – деген болатын Грэм.
Алайда Трамп бұл ұсынысқа көне қойған жоқ. Оның пікірінше, 500 пайыздық баж тым артық, ол белгілі бір межеден кейін тиімділігін жоғалтады.
– Баж салығы 100 пайыз болса да сол әсерді береді. 500 пайыз деген артық дүние, – деп айтқан болатын Трамп НАТО бас хатшысы Мартен Рюттемен кездескен кезде.
Дегенмен АҚШ бұл идеяны толық жоққа шығарған жоқ. Шілденің соңында Америка Үндістаннан келетін кейбір тауарларға 25 пайыздық қосымша баж салығын енгізді. Себеп, Үндістанның Ресей мұнайын үздіксіз сатып алуы.
Вашингтон қазіргі жағдайда санкцияны әлемдік нарықтағы ең мықты құралдың бірі деп отыр. Себебі мұнайды Ресейден сатып алатын елдер азаймаса, Мәскеудің соғыс шығындарын жаба беретін болады. Ал санкция қысымы артса, Ресейдің сыртқы табысы да шектеледі, сол арқылы соғысты жалғастыру қабілеті төмендейтіні анық.
Бірақ Трамптың соңғы мәлімдемесі геосаяси ойынның енді жаңа деңгейге көтерілгенін аңғартады. Егер Конгресс санкция туралы заңды қабылдаса, Ресейге жанама қолдау көрсетіп отырған мемлекеттердің бәрі сауда шектеулеріне тап болуы мүмкін. Мұндай қадам жаһандық нарықтарды да, энергия тасымалы жүйесін де бір сілкіндірері анық.
Украинадағы соғыс созылған сайын Вашингтон экономикалық қысымды күшейтуді басты стратегияға айналдыруда. Сондықтан алдағы айларда АҚШ-тің Ресейге қарсы саясаты барынша қатая түсуі мүмкін.

