Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты тергеу әлі жүріп жатыр. Алайда нәтижесі жақын арада белгілі болмақ, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Көлік министрі Үкіметте өткен брифингте мән-жайды айтты.
«Мамандар жұмыс істеп жатыр. Әзербайжан Республикасы, Ресей Федерациясы, Бразилия және ИКАО-дан халықаралық мамандар тартылғанын бұған дейін де айттық. Алдағы күндері алдын ала есеп біздің сайтта ресми түрде жарияланады деп күтіп отырмыз. Мамандарға жұмысты аяқтау үшін уақыт қажет. Бұл — өте ауыр жұмыс», — деді Қарабаев.
Айта кетейік, бұған дейін апатқа қатысты зерттеулерге шетелдік мамандар да тартылғаны хабарланды. Қазір 17-18 сарапшы жұмыс істеп жатыр, олардың қатарында Әзербайжан, Ресей, Бразилия және Нидерландтан келген мамандар бар. Олар 2024 жылғы 25 желтоқсанда Маңғыстау облысында апатқа ұшыраған Embraer 190 ұшағының қара жәшіктерінен алынған мәліметтерді зерттеп жатыр.
Еске салайық, 2024 жылы 25 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша 11.30-да Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл — Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы.
Ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.
Апаттан 6 қазақстандық көз жұмды. Жалпы қаза тапқандар саны — 38. Қайғылы оқиғадан 29 адам аман қалды.
Қайғылы оқиғадан кейін Әзербайжанда Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Түсте бүкіл ел бойынша мемлекеттік тулар түсіріліп, көліктер тоқтады. Әзербайжандықтар қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.