Ақтау маңындағы ұшақ апатын тергеудің алдын ала қорытындысы келесі аптада жарияланады. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев баспасөз конференциясында мәлімдеді, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Қара жәшіктердегі мәліметтер Бразилияда толығымен ашылып, Қазақстанға қайтарылған.
Cондай-ақ, ұшақ апатында көз жұмған қазақстандықтардың отбасыларына 5 млн теңге көлемінде көмек көрсетілген.
«Барлық қара жәшік ашылды, 17-18 адам ондағы деректермен жұмыс істеп жатыр», — деді Бозымбаев.
Айта кетейік, 25 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша 11.30-да Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл — Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы.
Ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.
Апаттан 6 қазақстандық көз жұмды. Жалпы қаза тапқандар саны — 38. Қайғылы оқиғадан 29 адам аман қалды.
Оқиғадан кейін Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Ақтау маңындағы Azerbaijan Airlines ұшағының апатқа ұшырауына кінәлі адамдарды жазалауды талап етіп, мәлімдеме жасады.
«Қылмыстық істің барлық материалын әзірге ашқым келмейді, алдын ала тергеу, оның нәтижелері маған баяндалды. Бірақ бұл апаттағы Әзербайжан азаматтарының өліміне Ресей Федерациясының өкілдері кінәлі деп сенімді түрде айта аламын. Әділдікті, кінәлілерді жазалауды, толық ашықтықты және адамгершілікті талап етеміз», — делінген Әзербайжан президентінің мәлімдемесінде.