Бірінші топтағы мүгедектігі бар кәсіпкер Сәуле Түсіпова Астанада жұбайымен бірге ерекше қажеттілігі бар адамдарға және уақытша қозғалысы шектелген азаматтарға арналған қол арба жалдау сервисін дамытуда. Ertenmedia.kz тілшілеріне сұхбат берген Сәуле Түсіпова қоғамдық өмірде инклюзияның маңызы жайында жан-жақты айтып берді.
– Сәуле ханым, қол арбаны жалға беру идеясын бастауға не себеп болды?
– Мұндай ой бір күнде туған жоқ. Өзім мүмкіндігі шектеулі жан болғандықтан, қозғалыс құралының адам өмірінде қаншалықты маңызды екенін жақсы білемін.
Көп адам қол арбаны тек тұрақты мүгедектігі бар адамға керек деп ойлайды. Шын мәнінде, операциядан кейін, аяқ жарақатынан соң, егде жаста немесе ұзақ сапарда адам уақытша да қозғалысқа мұқтаж болып қалуы мүмкін.
Бір кезде ауруханада жатқанымда палатадағы адамға шұғыл арба қажет болды. Сол сәтте қарапайым көрінетін құралдың табылмай өмірін қиындатып жіберетінін байқадым. Содан кейін осы істі қолға алу керек деген ойға бекідім.
Жабдықты жалға беру қызметі болған соң, оның кәсіп ретінде өз есебі бар. Арба сатып алу, жөндеу, жеткізу, тазалау, сақтау, қызмет көрсету бәрі шығын. Бірақ жобаның түпкі мақсаты тек табыс табу емес. Біз адамға дәл керек кезінде көмектескіміз келеді.
Кейде бір арба адамның үйден шығуына, ауруханадан аман жетуіне, жақынының тойына баруына немесе жоспарлаған сапарын тоқтатпауына себеп болады. Осындай кезде еңбегіңнің шын мәні көрінеді.
– Қазір қолдарыңызда қандай қозғалыс құралдары бар?
– Бүгінде шамамен 50-ден астам арбамыз бар. Балаларға арналған түрлері де, ересектерге арналғандары да, қала ішінде жүруге ыңғайлы жеңіл үлгілері де бар. Бұдан бөлек, жүріс арбасы, балдақ және қозғалысты жеңілдететін басқа да құралдар ұсынамыз.
Біз сапаға қатты мән береміз. Себебі арба ыңғайсыз болса, адамға көмек емес, қосымша қиындық тудыруы мүмкін. Құрал жеңіл қозғалып, берік болуы керек.
Біз бағаны халыққа қолжетімді етуге тырыстық. Мүгедектер арбасын бір айға 30 мың теңгеге немесе тәулігіне 2 мың теңгеге алуға болады. Кей адамға бір-екі күн ғана керек, енді біріне бірнеше апта қажет. Сондықтан бағаныадамдарға қолайлы етугі тырыстық.
Біреудің аяғы гипсте болады, біреуге операциядан кейін бір ай қозғалу қиын, кей отбасы қарт кісіні қала аралатқысы келеді. Әр жағдай бөлек.
– Клиенттердің көбі қандай жағдайда жүгінеді?
– Әртүрлі жағдай болады. Бірі операциядан кейін үйге шығуы керек, бірақ жүре алмайды. Екіншісі аяғын жарақаттап, бірнеше апта балдақпен жүруге мәжбүр. Үшіншісі қарт ата-анасын ауруханаға, емханаға немесе қонаққа апарғысы келеді.
Кей адамдар Астанаға емделуге, ота жасатуға, саяхаттауға келеді. Қала үлкен, арақашықтық ұзақ. Қозғалыс құралы болмаса, адам өзін бірден шектеулі сезінеді. Бізге басқа қаладан келген азаматтар да жиі хабарласады.
Мысалы, бір клиент волейбол ойнап жүріп ахилл сіңірін жарақаттап алған. Дәрігерлер оған бірнеше апта гипспен жүрге кеңес береді. Ал ол демалыс күндері Бурабайға баруды жоспарлап қойған екен.
Балдақпен ұзақ жүру қиын. Содан үш күнге арба алды. Кейін өзі хабарласып, сапары әлдеқайда жеңіл өткенін айтты. Мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Адам бір сәтте қозғалыс еркіндігін жоғалтқанда ғана оның қадірін түсінеді.
– Тәулік бойы жұмыс істейді екенсіздер. Мұның мәні қандай?
– Себебі мұндай көмек тек күндіз керек болады деп айта алмайсыз. Адам кешке жарақат алады, түнде ауруханадан шығады, гипс салынады, содан кейін үйге қалай барамын деген сұрақ туады. Дәл сондай кезде дайын арба немесе балдақ үлкен көмек. Біз мүмкіндігінше тәулік бойы байланыста болуға тырысамыз. Әрине, бұл оңай емес. Бірақ адамға шұғыл сәтте көмектесу осы жұмыстың ең маңызды бөлігі.
Жоба басталғалы шамамен 500-ден жуық адамға көмектестік. Бұл біз үшін үлкен тәжірибе болды. Әр клиенттің жағдайы әртүрлі.
Біреу шетелден келген турист, біреу отадан шыққан адам, біреу ата-анасына құрал іздеп жүрген бала. Кей клиенттер арбаны жеткізіп беруді сұрайды. Әсіресе қалаға сырттан келген адамдарға бұл ыңғайлы. Олар Астананың қай жерінен не табатынын білмеуі мүмкін.
– Ақпаратты адамдар қалай табады?
– Қазір Instagram, OLX, түрлі хабарландыру сайттары арқылы хабарласады. Бірақ менің ойымша, бұл жеткіліксіз. Адамға арба керек болған сәтте ол интернеттен ұзақ іздеп отырмауы мүмкін.
Сондықтан ауруханаларда, емханаларда, медициналық орталықтарда шағын ақпараттық жапсырмалар мен тақтайшалар орналастырғымыз келеді. Байланыс нөмірі көз алдында тұрса, адам бірден хабарласады. Кейде дер кезінде көрінген бір нөмір үлкен қиындықты жеңілдетеді.
Қоғамда қозғалысы шектелген адам көп. Бірақ олардың бәрі тұрақты мүгедектік алған азаматтар емес. Бірі уақытша жарақат алады, бірі отадан кейін әлсірейді, бірі егде жасқа келеді. Біреуі сапар кезінде қиындыққа тап болады. Қозғалыс құралы қолжетімді болса, адам өмірден тыс қалмайды.
– Инклюзия туралы көп айтамыз, сіз оны қалай түсінесіз?
– Инклюзия тек үлкен бағдарлама немесе заң емес. Ол адамның күнделікті өміріндегі қолайлылықтан басталады. Адам үйінен шығып, ауруханаға бара ала ма деген үлкен сұрақ. Меніңше, шынайы инклюзия осы сұрақтарға жауап беруі керк.
Кейде бір пандус пен қолайлы лифт адамға үлкен қуаныш сыйлайды. Мен мұны өз тәжірибемнен білемін. Сондықтан біздің шағын сервис те осы үлкен мәселенің бір бөлшегін шешуге тырысады.
– Грант ұтып алғандарыңыз жобаның дамуына қалай әсер етті?
– Біз гранттық байқауға қатысып, 1, 2 млн теңге ұтып алдық. Қаражаттың бәрін осы іске салдық. Қосымша арба алдық, құралдарды көбейттік, қызметті жолға қоюға жұмсадық.
Әлеуметтік кәсіп үшін мұндай қолдау өте қажет. Себебі бастапқыда бәрін өз қаражатыңмен көтеру оңай емес. Грант бізге сенім берді. Жобамыздың қоғамға керек екенін түсіндік.
Алдағы уақытта құралдардың санын көбейткіміз келеді. Әртүрлі салмаққа, жасқа, жағдайға арналған арбалар болғаны дұрыс. Балаларға арналған, жеңіл жиналатын, сапарға ыңғайлы, үй ішінде қолдануға болатын түрлер керек.
Кейін басқа қалаларда да осындай қызмет дамыса дейміз. Себебі бұл мәселе тек Астанаға тән емес. Алматыда, Шымкентте, өңір орталықтарында, курорттық аймақтарда да уақытша арбаға мұқтаж адамдар бар.
Әлеуметтік кәсіп ашқысы келетін адам ең алдымен қоғамдағы нақты ауыртпалықты сезінуі керек. Тек табыс табамын деп кіріссе, ұзаққа бармауы мүмкін. Мұнда сабыр, адаммен сөйлесе білу, түсіністік, жауапкершілік қажет.
Кей клиент күйзелісте хабарласады, бірі асығып тұрады, бірі не істерін білмейді. Сол кезде оларға адам ретінде жылы жауап беру керек. Әлеуметтік кәсіптің айырмашылығы осында.
– Әңгімеңізге рахмет.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







