Астанада алғаш рет өткен Astana AI Film Festival халықаралық байқауында қазақстандық Мырзахан Жұмахан үздіктер қатарынан көрінді. Оның жасанды интеллект көмегімен жасалған It Was Just a Joke («Бұл жай ғана әзіл еді») атты комедиясы Best Character («Үздік кейіпкер») номинациясында жеңіске жетті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Отандық комедияның сюжеті
Фильм желісі ит пен оның иесінің ағасы арасында өрбиді. Бейкүнә қалжыңнан басталған келіспеушілік соңы үлкен текетіреске ұласады. Қазылар алқасы отандық автордың кейіпкер болмысын ашу шеберлігін жоғары бағалады.
Байқауда үздік кейіпкерден бөлек, оқиға желісі, визуалды тіл, режиссура және тұжырымдама бағыттары бойынша да жүлделер сарапқа салынды. Жеңімпаз Мырзахан Жұмахан сайыс барысындағы мықты бәсекелестік туралы пікір білдірді.
«Мұнда өте дарынды әрі мықты жастар жиналды. Барлық қатысушы ауқымды жұмыс атқарды, сондықтан әрқайсысы лайықты қарсылас болды», – деді Мырзахан Жұмахан.
Бас жүлде кімге бұйырды?
Фестиваль жеңімпаздары 3 қазанда елордада салтанатты түрде жарияланды. Байқаудың Гран-при жүлдесі мен 450 мың доллар сыйақы латвиялық Николай Шестакқа табысталды. Оның The First Honest Day картинасында адамның іс-әрекеттері оның сырт келбетіне тікелей әсер етеді. Автор бұл қаржыны жаңа туындыларына жұмсамақ.
Екінші орын мен 200 мың долларды SITARA фильмімен үндістандық Абхик Банерджи иеленді. Ал үшінші орын мен 100 мың доллар сыйақы Looking For Perseida картинасын ұсынған испаниялық Эрнест Десумбилаға бұйырды.
Байқау ауқымы мен жүлде қоры
Аталған фестивальге әлемнің 125 елінен барлығы 8 067 өтінім келіп түсті. Осы көрсеткіш арқылы шара жасанды интеллект көмегімен жасалған фильмдердің әлемдегі ең ірі халықаралық байқауы атанды. Финалдық кезеңге бар-жоғы 25 туынды іріктеліп алынды.
Қатысушылардың жұмысын ЮНЕСКО-ның бұрынғы басшысы Одри Азуле, қытайлық киноиндустрия өкілдері мен инвестор Баладжи Сринивасан бастаған халықаралық қазылар алқасы бағалады.
Фестивальдің жалпы қоры 2 миллион долларды құрады. Қаржының 1 миллион доллары жеңімпаздарға берілсе, қалған бөлігі жасанды интеллект бағытындағы жобаларға инвестиция құюға және Қазақстандағы өндірісті дамытуға бағытталады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







