Астанада Erasmus+ бағдарламасының өңірлік ақпараттық күні және «Жоғары білімдегі жасанды интеллект» конференциясы өтіп жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Іс-шара 2026 жылғы 21-22 мамыр күндері С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің алаңында ұйымдастырылды. Оны Қазақстандағы Erasmus+ ұлттық кеңсесі аталған университетпен бірлесіп, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Білім, мәдениет және аудиовизуалды құралдар жөніндегі Еуропалық атқарушы агенттіктің және Еуропалық Одақтың Қазақстандағы өкілдігінің қолдауымен өткізіп отыр.
Жиынға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысып, халықаралық академиялық ынтымақтастықты кеңейтудің және жоғары білім жүйесіне цифрлық шешімдерді енгізудің маңызын атап өтті.
Министрдің айтуынша, жасанды интеллект университеттерге жаңа мүмкіндік ашып, білім сапасын арттыруға, ғылыми зерттеуді дамытуға және бәсекеге қабілетті маман даярлауға ықпал етеді. Erasmus+ бағдарламасы осы бағытта халықаралық серіктестікті күшейтіп, қазақстандық жоғары оқу орындарының жаһандық білім кеңістігіне кірігуіне жол ашады.
Іс-шараға Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісі Алешка Симкич те қатысуда. Оның қатысуы Қазақстан, Еуропалық Одақ және Орталық Азия елдері арасындағы жоғары білім саласындағы байланыстың жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын көрсетеді.
С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің Басқарма төрағасы – ректоры, ҰҒА академигі Қанат Тіреуов мұндай өңірлік кездесудің университет қабырғасында өтуі білім мен технологияның тоғысқан тұсында ерекше мәнге ие екенін айтты. Оның сөзінше, қазіргі университеттер жаңа білімге, технологияға және халықаралық серіктестікке ашық болуы керек. Жасанды интеллект, академиялық ұтқырлық және халықаралық жобалар туралы талқылаулар бәсекеге қабілетті кадр дайындау үшін маңызды.
Erasmus+ бағдарламасы білім жүйесіне жаңа серпін берді
Бағдарламаның алғашқы күні Erasmus+ мүмкіндіктеріне және оның Орталық Азия елдерінің жоғары білім жүйесін дамытуға ықпалына арналды. Қатысушыларға бәсекеге қабілетті жоба өтінімін әзірлеу жолдары, халықаралық жобаларды басқарудың практикалық тәсілдері, академиялық ынтымақтастық пен ұтқырлықтың жаңа мүмкіндіктері таныстырылды.
Екінші күні жоғары білім жүйесінде жасанды интеллектті қолдану мәселесі талқыланады. Сарапшылар ЖИ құралдарының білім сапасын арттырудағы, оқу процесін жаңғыртудағы және ғылыми зерттеулерді ілгерілетудегі әлеуетін қарастырады. Сонымен бірге технологияны этикалық әрі жауапты пайдалану мәселелері де назардан тыс қалмайды.
Іс-шараға офлайн форматта шамамен 300, онлайн форматта 200-ге жуық қатысушы қосылды. Олардың қатарында министрлік өкілдері, жоғары оқу орындарының ректорлары мен проректорлары, профессор-оқытушылар құрамы, университеттердің әкімшілік қызметкерлері, Erasmus+ ұлттық кеңселері, ғалымдар және Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан мен Өзбекстаннан келген Higher Education Reform Experts топтарының мүшелері бар.
Қатысушылар Erasmus+ жобалары мен жасанды интеллект бастамаларының көрмесіне де қызығушылық танытты. Көрмеде жоғары оқу орындары мен ұйымдар халықаралық ынтымақтастықтың табысты тәжірибесін, цифрлық шешімдерін және инновациялық білім беру жобаларын ұсынды.
Астанада өтіп жатқан екі күндік жиын Орталық Азия елдерінің жоғары білімді цифрлық трансформациялауға, халықаралық академиялық байланыстарды дамытуға және ортақ білім кеңістігін қалыптастыруға мүдделі екенін көрсетеді. Erasmus+ ақпараттық күні мен жасанды интеллект конференциясы өңірлік диалогты күшейтіп, университеттерді жаңа технологиялық кезеңге бейімдеуге арналған маңызды алаңға айналды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







