16 қазанда күндізгі уақытта Атырауда «Ықылас» мешіті маңында үйлену тойы кортежіне қатысқан жүргізушілер жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзды. Олардың қауіпті әрекеттері жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндірді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қауіпті маневрлер мен өрескел заңбұзушылықтар
Тексеру барысында 22, 20 және 18 жастағы жүргізушілердің қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығып, апаттық жағдайлар туғызғаны анықталды. Toyota Camry көлігінің жүргізушісі қауіпті маневр жасаған. Сондай-ақ жол жүрісі қағидаларын Lada Granta және екі Lada Priora көлігінің жүргізушілері де бұзған.
Атап айтқанда, маневр жасау қағидаларын бұзу, қауіпсіздік белдігін тақпау, көлік жүргізу кезінде телефон пайдалану, сондай-ақ көлік құралдарының техникалық талаптарға сай келмеуі деректері тіркелді.
Бұдан бөлек, Lada Priora жүргізушілерінің бірінің көлік құралын басқару құқығы жоқ екені белгілі болды. Оған басқаруды тапсырған көлік иесі де әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Құқық бұзушылардың үш автокөлігі мамандандырылған тұраққа қойылды.
Полиция жүргізушілерге ескерту жасады
Полиция жүргізушілерді жолдарда жауапкершілік танытуға және заңнама талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Үйлену тойының кортежіне қатысу жол жүрісі қағидаларын бұзуға құқық бермейді. Қарсы бағыттағы жолаққа шығу, қауіпті маневрлер жасау және тиісті құқықсыз көлік басқару ауыр жол-көлік оқиғаларына әкеп соғуы мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







