23 маусымда «Ауыл» партиясының кезектен тыс съезі өтіп, Қайрат Айтуғанов партияның жаңа төрағасы болып сайланды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Съезд барысында партияның қазіргі міндеттері және Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясына сәйкес «Ауыл» партиясының Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі қаралды.
Жиында Серік Егізбаев «Ауыл» партиясының төрағасы қызметінен кететінін мәлімдеді. Ол шешімін партияның болашағы мен қазіргі саяси кезеңнің талабымен байланыстырды.
Серік Егізбаевтың айтуынша, Конституциялық реформа қоғамда жаңару сұранысы бар екенін көрсетті. Сондықтан «Ауыл» партиясы осы үдерістен шет қалмай, аграрлық және әлеуметтік күн тәртібіне жаңа көзқарас ұсынуы керек.
Ол партия төрағасы қызметінен кетуі ұйымның ішкі жаңаруға дайын екенін және жаңа саяси жүйеде алдағы сайлауға белсенді қатысу ниетін көрсететін заңды қадам екенін айтты. Сонымен бірге партия қатарында белсенді жұмысын жалғастыратынын және жаңа төрағаға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Серік Егізбаев съезд делегаттарына партия төрағасының орынбасары Қайрат Айтуғановтың кандидатурасын ұсынды. Делегаттар оның кандидатурасын бірауыздан қолдады.
Қайрат Айтуғанов аграрлық экономика, мемлекеттік қызмет және ғылыми салада 40 жылдан астам тәжірибесі бар маман. Әр жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі, аппарат басшысы, халықаралық жобалардың жетекшісі және «Оңтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы қызметтерін атқарған.
Сонымен қатар Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары болды.
Қайрат Айтуғанов «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ директорлар кеңесінің төрағасы және С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің басқарма төрағасы қызметтерін де атқарған.
Партия төрағасының орынбасары ретінде ол ауылдық аумақтарды дамытуға арналған заңнамалық және бағдарламалық бастамаларды әзірлеуге қатысқан. Аграрлық саладағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруға да үлес қосып келеді.
Серік Егізбаев жаңа төрағаның партиялық жұмыста сабақтастықты сақтап, алдағы міндеттерді жүйелі іске асыруға мүмкіндігі мол екенін атап өтті.
Съезд қорытындысы бойынша Қайрат Айтуғанов «Ауыл» партиясының төрағасы болып сайланды. Сонымен қатар партия Жарғысына жаңа Конституция талаптарына сәйкес өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы шешім қабылданды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







