Мақаншы ауданының Бақты ауылында мультимодальды құрғақ порт пен логистикалық парктің іргетасы қаланды. Жаңа кешен Қазақстан мен Қытай арасындағы үшінші теміржол шекара өткеліне айналып, елдің транзиттік мүмкіндігін жылына 20-25 млн тоннаға дейін арттыруға тиіс, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Салтанатты рәсімге Абай облысының әкімі Берік Уәли мен «Port Baqty» серіктестігінің құрылтайшысы Қайрат Итемгенов қатысты. Жоба Қазақстанның Еуразия кеңістігіндегі транзиттік хаб ретіндегі орнын нығайтуға бағытталған. Кешен халықаралық сауда, көлік және логистика ағынын бір арнаға тоғыстырады.
Берік Уәли Бақтыдағы құрғақ порттың облыс үшін ғана емес, тұтас ел экономикасы үшін стратегиялық маңызы бар екенін айтты. Оның сөзінше, Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағытының өткізу қабілетін арттырып, жаңа теміржол желілерін салуға басымдық беріп отыр. Бақтыдағы нысан осы міндеттерді жүзеге асыратын маңызды логистикалық буын болмақ.
Жоба Достық және Қорғас өткелдеріне түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Жаңа теміржол бағыты Қытайдан Қазақстан арқылы батысқа тасымалданатын жүк ағынына қосымша дәліз ашады. Шекарадағы өткізу қабілетінің артуы тасымал уақытын қысқартып, логистикалық шығынды төмендетуге ықпал етеді.
Терминалдың жобалық қуаты жылына 1 млн контейнерге есептелген. 2032 жылға қарай кешен арқылы жыл сайын 700 мың контейнер өткізу жоспарланып отыр. Алғашқы кезеңде жобаға 210 млн доллар жеке инвестиция салынады.

Кешен аумағында контейнерлік және астық терминалдары салынады. Қойма, кедендік және логистикалық инфрақұрылыммен қатар, автокөлік терминалы мен сервистік нысандар орналастырылады. Жалпы аумағы 50 мың шаршы метрге дейін жететін бондтық қоймалар да қарастырылған.
Құрылыс кезінде 800-ден 1200 адамға дейін жұмысқа тартылады. Бірінші кезең жүзеге асқан соң 200 тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Терминал толық қуатына шыққанда 500–1000 адам жұмыспен қамтылады.
Логистикалық тораптың айналасында сервистік экономика да қалыптасады. Қонақүй, қоғамдық тамақтану, тасымал, жөндеу және сауда саласында қосымша 1500–2000 жұмыс орны ашылуы мүмкін. Жоба Мақаншы ауданының кәсіпкерлік белсенділігіне жаңа серпін бермек.
Вахталық және шақырылған мамандар үшін 200 орындық қонақүй кешені салынады. Ғимаратта асхана, кір жуу орны, спорт залы мен тәулік бойы қызмет көрсететін медициналық пункт болады. Мұндай инфрақұрылым шалғайдағы нысанға қажетті мамандарды тұрақты тартуға жағдай жасайды.

Инвестициялық бастама 2026–2028 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Қазір Бақты ауылдық округінен жобаға арналған 150 гектар жер белгіленген. Жобалау, инженерлік дайындық және құрылыс жұмыстарын кезең-кезеңімен жүргізу жоспарланып отыр.
Шекарадағы жаңа алып жоба
Абай облысы әкімдігі жобаны сүйемелдеп, қажетті инфрақұрылым мен әкімшілік жағдай жасауға дайын екенін мәлімдеді. Берік Уәли құрғақ порт жаңа инвестиция тартып, экспорт көлемін ұлғайтатынын атап өтті. Жоба шекара маңындағы елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына да ықпал етпек.
Абай облысында биыл жалпы құны 131,2 млрд теңге болатын 41 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Осы бастамалар аясында 3263 жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Алғашқы жартыжылдықта құны 34,62 млрд теңге болатын 14 нысан пайдалануға беріліп, 598 адам жұмыспен қамтылды.
Өңірдегі ірі жобалардың қатарында Аягөз ауданындағы «Айдарлы» тау-кен байыту комбинаты да бар. Кәсіпорын толық қуатына шыққанда жылына 75 млн тонна кен өңдеп, 226 мың тонна мыс пен 3,55 мың тонна молибден концентратын өндіруге тиіс. Құрылыс және іске қосу кезеңінде үш мыңнан астам жұмыс орны ашылады.
Бақты құрғақ порты Абай облысын халықаралық сауда бағыттарына жақындататын жаңа өсу нүктесіне айналмақ. Кешен Қазақстанның Қытаймен шекарадағы логистикалық қуатын күшейтіп, Орта дәліздің бәсекеге қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. Жобаның нәтижесі тартылған инвестициямен ғана емес, тұрақты жүк ағыны, жаңа өндіріс пен жергілікті халыққа ашылған жұмыс орындары арқылы бағаланбақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







