Саясаттанушы Аркадий Дубнов Ерлан Қариннің вице-президент қызметіне тағайындалуын Тоқаев іргесін қалаған саяси жүйенің жалғасы деп бағалады. Пайымынша, дей тұрғанмен, жаңа лауазым Қаринді автоматты түрде президенттің мұрагеріне айналдырмайды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Дубнов Қазақстандағы вице-президент институтын посткеңестік кеңістіктегі өзге үлгілермен салыстырған екен. Әсіресе Әзербайжанда аталған қызметті президент Ілхам Әлиевтің жұбайы Мехрибан Әлиеваның атқаратынына назар аударған.
Сарапшының пікірінше, Қазақстандағы жағдай мүлде бөлек. Елдегі жаңа институт әулеттік биліктің іргесін қалау үшін құрылған жоқ, ал Ерлан Қариннің саяси тұлғасы непотизмге негізделген басқару үлгісіне сәйкес келмейді.
«Қазақстанда әулеттік биліктің келешегі байқалмайды. Ерлан Қариннің тұлғасы Орталық Азияның өзге мемлекетіне тән туыстық байланысқа құрылған басқару жүйесіне еш үйлеспейді. Қазақстан басқа», – деп жазды Дубнов.
«Жаңа Қазақстанның» идеологі
Саяси шолушы Ерлан Қариннің саяси қайраткер ретінде негізінен Тоқаевтың президенттік кезеңінде қалыптасқанын атап өтті. Оны «Жаңа Қазақстан» идеологиясын жасаған және қазіргі дәуірдің саяси мән-мағынасын қалыптастырған тұлғалардың бірі деп сипаттап отыр.
Сонымен бірге Қаринді Назарбаев кезеңіндегі жүйеге қарсы болған идеологиялық диссидент ретінде көрсету қате екенін ескертуде. Ол кезде Қарин мемлекеттік саясатты зерттейтін кабинет сарапшысы ретінде өз орнын тапқан.
«Тоқаев билікке келген кезде кеңестік қалыптың ықпалынан ада, дүниеге ашық қарайтын, қазақтың ұлттық болмысын қайта пайымдап, оған мемлекеттік сипат беруге дайын 40–50 жастағы жаңа буын қажет болды», – деді сарапшы.
Дубнов Қаринді дәл осы буынның көрнекті өкілі санайды. Оның бағалауынша, жаңа саяси кадрға мемлекеттің тәуелсіз бағытын күшейтіп, ұлттық болмысты заманға бейімдеу міндеті жүктелген.
Бектенов пен Балаеваға жүктелген міндет
Сарапшы осы буынның қатарына премьер-министр қызметіне қайта тағайындалған 45 жастағы Олжас Бектенов пен Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары болған Аида Балаеваны да қосты.
Дубновтың пікірінше, Бектенов Үкімет басында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен инфрақұрылымдық жаңаруына жауап береді.
Аида Балаеваның Қауіпсіздік кеңесіне ауысуы күштік құрылым мен азаматтық қоғам арасындағы қатынасқа жаңа сипат беруі мүмкін. Сарапшы биліктегі тағайындаулардың қисынын жақсы білетін адамдардың пікіріне сүйеніп, Балаеваға ерекше араағайындық міндет жүктелуі ықтимал екенін айтты.
«Тәуелсіз мінезімен танылған Балаева азаматтық қоғаммен, соның ішінде медиамен қарым-қатынаста туындаған мәселені күшпен шешуге бейім үрдісті тежеуге тиіс аралық тетік болуы мүмкін. Бәлкім», – деп жазды Дубнов.
Ол аталған болжамның әзірге нақты дәлелденбегенін де аңғартты. Балаеваның жаңа қызметтегі шынайы рөлі кейінгі шешімдерінен көрінеді.
Вице-президент дербес билік орталығы емес
Дубнов жаңа Конституциядағы вице-президенттің АҚШ-тағыдай президентпен бірге сайланбайтынына назар аударды. Қазақстанда оны Құрылтайдың келісімімен мемлекет басшысы тағайындайды.
Сондықтан Ерлан Қариннің жеке саяси бағыты Президент белгілеген курстан бөлек қалыптаспайды. Ол Тоқаевтың тапсырмасын орындайтын әрі Президенттің мемлекеттік институттармен байланысын қамтамасыз ететін жоғары лауазымды тұлға саналады.
«Вице-президент дербес саяси бейне қалыптастыратын қызмет емес. Ол Президенттің негізгі тапсырмаларын орындаушы. Міндетін атқара алмаса, Тоқаев оны қызметтен босатып, орнына басқа адамды тағайындауға құқылы. Қазіргі билік вертикалінің ең қызықты ерекшелігі осында», – деді сарапшы.
Осы себепті Дубнов Қариннің жоғары қызметке көтерілуін мұрагердің түпкілікті таңдалуы деп қабылдауға болмайтынын айтады. Оның сөзінше, мұндай сценарийге «жүз пайыз иә» деуге негіз жоқ.
Қариннің басты міндеті қандай?
Сарапшының бағалауынша, Қариннің алдағы негізгі міндеті Тоқаевқа билік жүйесін шоғырландыруға көмектесу. Сонымен бірге Қазақстанның тәуелсіздігін сақтап, елді мемлекетке қауіп төндіретін одақтардан алшақ ұстау және әлеуметтік-экономикалық даму бағытын қолдау маңызды болмақ.
Дубнов жаңа Конституция арқылы жасалған билік ребрендингі 2029 жылғы президент сайлауына қатысты мәселені де ашық қалдырғанын атап өтті. Тоқаевтың тағы бір мерзімге сайлауға түсуге құқығы болғанымен, оның аталған мүмкіндікті пайдаланатыны әзірге белгісіз.
Саяси шолушы Ресейдегі соғыс пен халықаралық жағдайдың ушығуы Президенттің шешіміне ықпал етуі ықтимал деп есептейді. Бұл жайында бұған дейін Ertenmedia «Күйреу алдында тұрған Кремль немесе Тоқаев неге билікте қалуы керек?» деген талдау ұсынған болатын.
Айта кетейік, редакциямыз Дубновтың мәтінінде кішігірім қателіктерді де анықтады. Сарапшының мақаласында вице-президент қызметінің тәуелсіздік жарияланғаннан кейін бірден жойылғаны айтылған.
Нақтысында аталған институт тәуелсіз Қазақстанда 1996 жылға дейін сақталып, Ерік Асанбаев елдің вице-президенті қызметін атқарды. Аида Балаева да Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары емес, Кеңес төрағасының орынбасары болып тағайындалды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







