Алматы облысы Талғар ауданында ажал құшқан 16 жастағы жасөспірімнің оқиғасы күллі қоғамды дүр сілкінтті. Марқұмның туыстары әділдікке жетуді көздейді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz Almaty.tv-ға сілтеп.
«Баламды көзімше өлтіріп, еш өкініш сезініп тұрған жоқ». Перзентінен қас қағым сәтте айырылып, өзегін өксік өртеген Қаржаубай Нұрымов осылай дейді. Телеарна мәліметінше, отбасының үкілі үміті болған 16 жастағы Шерзат қайғылы оқиға болған түні әкесі жұмыс істейтін дүкенге барып, оның әлдекіммен сөзге келіп қалғанын байқап, қорғауға тырысқан. Артынша қаскөй бір топ жігітті шақырып, екеуіне жабылған көрінеді.
«Баламның ісі әділ жүргізілгенін талап етемін. Ел шулап көтеріліс болғанын қаламаймын. Қамауда отырған азаматарды жеке-жеке кіріп көрдім. Олар өкініп отырған жоқ», – деді марқұмның әкесі.
Желіде тараған бейнежазбадан бір топ жігіт жасөспірімді аяусыз сабап, ауыр соққыға жыққаны байқалады. Шерзаттың ауыр жараланғанын, әкесінің құлап түскенін аңғаруға болады. Кейіннен келген ағасын да пышақтаған. Бозбала алған ауыр жарақаттарынан ауруханаға жеткен бетте жан тәсілім еткен.
«Бауырымды жауыздықпен өлтірді. Жеті бала жабылып, бірі теуіп тұр, бірі мылтықпен ұрып тұр. Інімнің денесін көрдім. Басы екіге айрылып кеткен. 16 жастағы баланы сонша ұрған қандай жауыздар?» – деді марқұмның әпкесі.
Жауыз бір топ жігітпен әкелі-балалы азаматтарды жұдырықтап, тепкілеумен тоқтамаған. Куәгерлердің сөзінше, 13 адамнан құралған топ марқұмға пышақ сұғып, мылтықтың сабымен сабаған. Келмеске кеткен баланың жақындары қылмысқа қатысты 13 адамды ұстауды талап етіп отыр.
Марқұм Шерзат Болаттың жақындары Талғар аудандық Полиция басқармасында қылмыстық тергеу дұрыс жүрмегендіктен дабыл қаққан. Ең сорақысы, туыстарының айтуынша, төбелес күні күдіктілерге көмектескен екі қыз бұл істе куәгер ретінде танылған. Қайғыдан қан жұтып отырған отбасының сұрауы бойынша іс Алматы облысы Полиция департаментінде қайта қаралатын болды. Ішкі істер министрі Ержан Сәденов қоғам назарындағы жайтқа қатысты әлеуметтік желіде пікір білдіріп, «кінәлілер тиісті жазасын алады» деп мәлімдеді.
«Алматы облысының Талғар ауданында орын алған кәмелетке толмаған баланың өліміне қатысты мән-жайлар менің жеке бақылауымда. Оқиға орнында бірінші орынбасарымның басшылығымен ІІМ қызметкерлерінен құралған топ жұмыс істеуде. Кінәлілер тиісті жазасын алады», – деп жазды ҚР ІІМ Ержан Сәденов.
«Бұл қылмыстық іс министр тарапынан бақылауда. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бейнебақылау камералары және басқа дәлелдер, жәбірленуші тараптан көрсетілген фактілер зерделеніп жатыр. Заң аясында шешім шығарылады», – деді Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Серік Шалқаров.
Құзырлы органдардың мәліметінше, қанды қылмысқа жауапты болып танылған 7 күдікті түнде Талғардан Алматы облысы Полиция департаментіне көшірілді. Іс жаңадан тергеледі. Жасөспірімнің өмірін жалмаған істі Ішкі істер министірлігі тікелей бақылауына алды.