ШҚО-да «ақылды» жарықтандыру жобасы аясындағы алаяқтық іске Риддердің экс-әкім Дәулет Батырбаевтың қатысы бары анықталды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Өскемен пен Семей көшелеріндегі ескі шамдарды энергия үнемдейтін LED-шамдарға ауыстыру жобасы әуелде бюджет шығынын азайтып, қала қауіпсіздігін күшейтуді көздеген еді. Алайда 2019 жылы басталған бастама шенеуніктердің жеке қалтасын қампайтатын схемаға айналған.
Қаржылық мониторинг агенттігі таратқан мәлімет бойынша
«ШҚО Аймақтық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығының» бұрынғы басшысы, кейіннен Риддер әкімі болған Дәулет Батырбаев пен оның сыбайластары Халитов және Папышев жобаның бағасын жасанды түрде көтеріп, 320 млн теңгені жымқырған.
Қаражатты заңдастыру үшін орталықтың бұрынғы басшысы сенімді адамының атына жауапкершілігі шектеулі серіктестік ашып, жалған келісім-шарт арқылы ақшаны қолма-қолға айналдырып отырған.
2025 жылдың шілдесінде сот үкімі шығып, Батырбаев пен оның бір сыбайласы сегіз жылға, екіншісі жеті жылға бас бостандығынан айырылған. Дегенмен қараша айында апелляциялық алқа жазаны қайта қарап, екі эпизод бойынша айыптауды алып тастады. Нәтижесінде үшеуінің де жаза мерзімі жеті жылға қысқартылды.
Сондай-ақ сот азаматтық талапты қанағаттандырып, заңсыз жолмен келген қаражатқа алынған тұрғын үй, жер учаскесі және автокөлік арнайы техникасын мемлекет пайдасына тәркілеуге шешім шығарды.
Айта кетейік, Дәулет Батырбаев «ШҚО Аймақтық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығын» басқарып жүріп, кейін Риддер әкімі болып тағайындалған. 2024 жылдың сәуірінде бұл қызметінен босатылған еді.
Бұған Ertenmedia ШҚО-дағы тағы бір былық туралы егжей-тегжейлі жазған еді.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Көпір қирады, кресло босады: ШҚО әкімдігі миллиардтың есебін кімнен сұрайды

