Қазақстан Қарашығанақ ісі бойынша Лондондағы халықаралық арбитражда Shell мен Eni секілді мұнай монстрларынан басым түсті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Bloomberg-дің мәліметінше мұнай компаниялары енді елімізге 4 млрд долларға дейін өтемақы төлеуге міндеттелуі мүмкін.
Арбитраж Бектенов үкіметінің ұстанымын қолдап, Shell мен Eni компанияларының мемлекет есебінен келісілмеген артық шығындарды заңсыз өтегенін мойындаған. Іс жабық түрде қаралғандықтан, нақты өтемақы көлемі әзірге белгісіз. Компаниялардың шешімге шағымдануға мүмкіндігі бар.
Дереккөздің дерегінше, аталған іс бойынша консорциумның басқа ойыншылары Chevron, «Лукойл» және «ҚазМұнайГаз» да қосылып, Қазақстанға төленетін өтемақының жалпы сомасы 2-ден 4 миллиард долларға жетуі ықтимал.
Айта кетейік, көрсеткіш бастапқы талап етілген сомадан аз.
Қазақстан 2023 жылы арбитражға жүгінгенде, шығын көлемін 3,5 млрд долларға бағалаған еді. Бірақ 2024 жылғы аудиттен кейін шағым сомасы 6,5 млрд долларға дейін артқан.
Батыс Қазақстан облысындағы Қарашығанақ әлемдегі ірі мұнай-газ конденсат кен орындарының бірі. Оны Karachaganak Petroleum Operating (KPO) консорциумы игеріп отыр. Оның құрамында Eni мен Shell компаниясы (әрқайсысында 29,25%-дан үлесі бар), Chevron (18%), «Лукойл» (13,5%) және «ҚазМұнайГаз» (10%) жұмыс істейді.
Арбитраж ісіне түрткі болған дау (2010 жылдан бері, ред.) KPO операторының шығынды дұрыс есептемеуіне байланысты туындаған. Қазақстан тарапының пайымынша, әлгі әрекет ел бюджетіне түсетін кірісті едәуір азайтқан.
Айтқандай…
Түнеукүні Бектенов осы тарапта өзіне айып тапқан «Ақжол» партиясына жауап қатқан-тұғын.
«Үкімет халықаралық дауда елдің экономикалық һәм экологиялық мүддесін қорғай алмай отыр», — деген еді Перушаевтың партиясы.
«Қарашығанақ» жобасы бойынша жүріп жатқан дау өте күрделі әрі бірнеше сатыдан тұрады. Үкімет ел мүддесін құқықтық алаңда табанды түрде қорғауда», — деген болатын осы ретте Бектенов.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

