Шымкенттің Бозарық шағынауданында мүгедектігі бар азаматтарға арналған 150 орындық оңалту орталығы ашылды. Заманауи әлеуметтік нысан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес салынды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Орталықтың ашылуына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты. Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың желтоқсанында басталып, белгіленген мерзімнен бұрын аяқталған.
Кешен 5,3 гектар аумақта орналасқан. Ғимараттардың жалпы ауданы шамамен 22 мың шаршы метрді құрайды.
Орталық медициналық, оңалту, спорттық, әлеуметтік және тұрғын инфрақұрылымын біріктіретін бес блоктан тұрады. Мұнда бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар азаматтарға жартылай стационарлық форматта арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіледі.

Кешен құрамында үш қабатты оңалту корпусы, емдік-сауықтыру бассейні, спорт және акт залдары бар. Сонымен қатар екі қабатты стационар, асхана, шеберханалар және қызмет көрсетуге қажетті бөлмелер қарастырылған.
Оңалту корпусында дәрігерлер мен мамандардың кабинеттері орналасқан. Азаматтарға физиотерапия, механотерапия, массаж, сумен емдеу, логопедиялық және психологиялық көмек көрсетіледі.
Әлеуметтік және еңбекке бейімдеу үшін тігін, қыш және слесарлық шеберханалар ашылған. Шығармашылық бөлмелер мен кітапхана қызмет алушылардың қабілетін дамытуға мүмкіндік береді.
Емдік бассейн бір мезетте 46 адамды, спорт залы 25 адамды қабылдай алады. Ал 150 орындық акт залында мүгедек арбасын пайдаланатын азаматтарға арнайы 40 орын бөлінген.

Қызмет алушылардың уақытша тұруы үшін бір және екі орынды бөлмелерден тұратын стационар жасақталған. Оның ішінде мүгедек арбасымен жүретін азаматтарға бейімделген арнайы бөлмелер бар.
Орталық отандық және шетелдік заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілді. Қажетті рәсімдер аяқталғаннан кейін әлеуметтік нысан азаматтарды қабылдай бастайды.
Жаңа орталық Шымкент тұрғындарының оңалту және арнаулы әлеуметтік қызметтерге қолжетімділігін кеңейтеді. Ол мүгедектігі бар азаматтардың денсаулығын қалпына келтіріп, әлеуметтік ортаға бейімделуіне және белсенді өмірге оралуына жағдай жасайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







