Қазақстандық қоғам қайраткері, «Замандас 21» қоғамдық қорының жетекшісі Ләззат Алшынова The Women Noble Prize 2026 халықаралық сыйлығының лауреаты атанды. Марапат оған Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарын ілгерілетуге қосқан үлесі үшін берілді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Биыл халықаралық сыйлықтың Номинациялық комитеті әлемнің әр түкпірінен түскен 120 үміткердің өтінімін қараған. Сарапшылар қоғамдық қызмет, әлеуметтік жауапкершілік және гуманизм қағидаттарына негізделген бастамаларды бағалады. Қорытындысында Қазақстан өкілі 2026 жылдың лауреаты ретінде танылды.
Марапаттау рәсімі 9-17 шілде аралығында Швейцарияның Давос қаласында өткен Global Business Week 2026 халықаралық апталығы аясында ұйымдастырылды. Іс-шараға 40-тан астам мемлекеттен дипломаттар, инвесторлар, қоғам көшбасшылары мен іскер топ өкілдері қатысты. Халықаралық алаңда әлеуметтік бастамалар, орнықты даму және мемлекетаралық серіктестік мәселесі талқыланды.
The Women Noble Prize сыйлығы World Woman Forum аясында табысталады. Ережеге сәйкес, беделді атақ қоғамдық қызметі мен адамгершілік ұстанымы өзгеге үлгі болған бір әйелге ғана беріледі. Ұйымдастырушылар марапат иесінің бастамалары қоғамға нақты ықпал етуге тиіс екенін атап көрсетеді.
Ұйымдастыру комитеті Ләззат Алшынованы сыйлықтың миссиясы мен құндылықтарын айқын танытқан тұлға ретінде бағалады. Оның кәсіби қызметі әлеуметтік бастамаларды дамытуға, серіктестік мәдениетін қалыптастыруға және жауапты көшбасшылықты дәріптеуге бағытталған. Комитет өкілдері қазақстандық қайраткердің еңбегі халықаралық деңгейде назар аударуға лайық екенін мәлімдеді.
Ләззат Алшынова Қазақстанда қайырымдылық және әлеуметтік қолдау жобаларын жүзеге асырып келеді. Ол тұрмысы төмен және әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балалардың сапалы білім алуына көмектеседі. Қор жұмысы балаларға білім мен даму мүмкіндігін ұсынуға басымдық береді.
Қоғам қайраткері әйелдердің құқығын қорғау мәселесіне де белсенді араласады. Сонымен қатар ол анасының мәдени дипломатия саласындағы ісін жалғастырып, Қазақстанның ұлттық мұрасын шетелде танытып жүр. Мұндай жұмыс ел мәдениетін халықаралық аудиторияға жақындатып, халықтар арасындағы рухани байланысты нығайтуға ықпал етеді.
The Women Noble Prize әлемнің әр аймағында қоғам дамуына үлес қосып жүрген әйелдердің еңбегін танытуды көздейді. Сыйлық халықаралық ынтымақтастық, гуманизм және жалпыадамзаттық құндылықтарды ілгерілеткен тұлғалардың тарихын біріктіреді. Ләззат Алшынованың жеңісі Қазақстандағы қоғамдық бастамалардың халықаралық деңгейде мойындалғанын көрсетіп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







