Ескі Қазақстанға тиесілі Дубайдағы екі вилла сатылып, одан түскен қыруар қаржы мемлекеттік қорға аударылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мәжіліс депутаты Марат Бәшімов басшылық еткен «Қайтарылған активтерді басқару компаниясының» қамқоршылық кеңесінің отырысында осындай деректер айтылды.
Компания басшысы Қуанышбек Мұқаштың айтуынша, биыл электронды сауда платформасы арқылы жалпы құны 38,4 млрд теңге болатын 155 актив сатылған.
Ірі мәміленің ішінде Астанадағы «Думан» қонақ үйі 14,1 млрд теңгеге, ал Дубайдағы екі вилла 20,7 млрд теңгеге өткен. Осы соманың барлығы арнайы мемлекеттік қорға аударылды.
Одан бөлек, құны 29,4 млрд теңге болатын 33 актив ешбір саудасыз тікелей мемлекеттің меншігіне берілген. Бұлардың ішінде жер телімдері мен тарихи маңызы бар археологиялық жәдігерлер, көне тиындар бар. Олар бүгінде Ұлттық музейге тапсырылған.
Айта кетейік, Дубайдағы жылжымайтын мүліктерге қатысты осының алдында Азаттық радиосы арнайы зерттеу жүргізген болатын. Ондағы дерек бойынша, шамамен 1500 қазақ Дубайда жалпы сомасы 1 млрд доллардан асатын 2700-дей мүлікке иелік етеді.
Дубайдағы ең ірі жылжымайтын мүлік иелері қатарында Мәжілістің бұрынғы төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жұбайы Венера Баймырзаева бар. Оның «Living Legends» ауданында аумағы 860 шаршы метрлік вилласы және бірнеше элиталы пәтері тіркелген.
ҚТЖ-ның экс-басшысы Ерлан Атамқұлов пен қызының атында бірнеше вилла бар. Оның айтуынша, мүлік мемлекеттік қызметке дейін сатып алынған инвестиция. Ішкі істердің экс-басшысы Бауыржан Мұхамеджановтың әулетіне тиесілі аумағы 1200 шаршы метрден асатын Palm Jumeirah-тағы вилласы нарықта 15 млрд теңгеге бағаланады.
Бұдан бөлек бұрынғы Бас прокурор Рәшит Түсіпбековтің келіні Жанна Түсіпбекова да құны 15 млрд теңгеге бағаланған виллада тұратыны белгілі болған.
Компания жетекшісі Қуанышбек Мұқаш Kuva құрылған күннен бастап жалпы сомасы 96,5 млрд теңгенің активі басқаруға берілгенін, соның арқасында мемлекет пен қоғамның мүддесіне тиімді жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Қамқоршылық кеңес те компанияның жұмысын жоғары бағалады.
Бұған дейін премьер Бектенов «ескі Қазақстанға әмнистия жасалды ма?» деген сауалға жауап берген еді.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

