Қазақ баспасөзінің қарашаңырағы саналатын «Egemen Qazaqstan» газеті оқырман сұранысына сай 24 беттен тұратын «Етжеңді» арнайы нөмірін араға ұзақ жылдар салып қайта жариялай бастады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Басылымның төлқұжатына айналып, қалың оқырманның ыстық ықыласына бөленген арнайы шығарылым енді айына бір рет тұрақты жарық көрмек. Жаңғырған жобаның негізгі мақсаты – күнделікті ресми ақпарат шеңберінен шығып, танымдық, тарихи, әдеби-мәдени және әлеуметтік салмағы басым көлемді зерттеулерді сараптап ұсыну.
Оқырман өтініші мен ел күткен дәстүр
Басылым ұжымының мәліметінше, аталған жобаны қайта қолға алуға өңірлердегі оқырмандармен өткен кездесулерде айтылған тілектер тікелей түрткі болған. Газеттің шеф-редакторы Талғат Батырхан осы нөмірдің алғашқы бетінде жарияланған кіріспе мақаласында басылымның тарихи миссиясына тоқталып, баяу әрі байыпты оқу мәдениетінің мәнін атап өткен.
«Баспасөзге жазылуға байланысты өтетін жер-жердегі кездесулерде көпшілік тарапынан «Әдеби-мәдени, тарихи-танымдық сипаттағы оқылымды материалдардың отауы іспетті «Етжеңдіні» ел болып күтудеміз. Жақсы дәстүр жалғасса екен» деген өтінішті әр кез еститінбіз. Айына бір рет 24 бет болып шығатын «Етжеңдіні» асыға тосатын ағайынға алғысымыз шексіз. Ертегі кейіпкері Ерназардың «Сегіз ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе» дегеніндей, «Егеменім» бір төбе, «Етжеңдіміз» бір төбе десек айыпқа бұйырмассыздар», – деп жазды Талғат Батырхан.
Жиырма төрт бетке сыйған мазмұн
Жаңарған нөмірде қоғамдағы өзекті түйткілдер мен ұлт тарихының тың қырларына баса назар аударылған. Шығарылымда әуе билеттерінің бағасы мен лоукостерлер саясаты, Сингапур мен Вена қалаларының баспанамен қамту тәжірибесі, отандық кітап нарығының нақты экономикасы және отандық мамандар әзірлеген жасанды интеллект жобалары кеңінен сарапталған.
Сонымен қатар басылым бетінде әдебиет пен руханият мәселелері терең қозғалған. Жазушы Төлен Әбдіктің ғылым мен зайырлылықты қорғауға арналған философиялық мақаласы, 16 баллистикалық ракетасы бар кеңестік атом сүңгуір кемесін басқарған қазақ Майдан Сәлменовтің тағдыры және 1900 жылдары Ақмолада жұмыс істеген Қосшығұловтардың шоколад фабрикасы жайлы зерттеулер оқырман назарына ұсынылған.
Классикалық журналистиканың жаңа тынысы
Басылымның басшылығына келген Ержан Байтілес бастаған шығармашылық құрам мерзімді баспасөзді заманауи талаптарға сай түрлендіруге көңіл бөлуде. Ұжым өкілдері цифрлық дәуірде қысқа әрі үстірт ақпараттар қаптағанмен, газеттің салмақты ой мен сапалы сараптама алаңы ретіндегі құндылығы ешқашан жойылмайтынын алға тартады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







