Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты ел азаматтарының басым бөлігі елдің қазіргі даму бағытын оң бағалайтынын атап өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
2026 жылғы сәуір айында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының тапсырысы бойынша жүргізілген сауалнама нәтижесіне сәйкес, респонденттердің 84,4 пайызы Қазақстан дұрыс бағытта дамып келеді деп есептейді.
Бұл көрсеткіш қоғамда қазіргі саяси және әлеуметтік-экономикалық бағытқа қатысты оң көзқарастың басым екенін аңғартады.
Аумақтық бөлініс бойынша қала мен ауыл тұрғындарының бағалауында айтарлықтай айырмашылық байқалмайды.
Қала тұрғындарының 84 пайызы елдің даму бағытын оң бағалаған. Ауыл тұрғындары арасында бұл көрсеткіш 85,2 пайызға жетті. Мұндай дерек азаматтардың тұрғылықты жеріне қарамастан, елдегі қазіргі бағытты ұқсас қабылдайтынын көрсетеді.
Гендерлік талдау да оң бағалаудың жоғары деңгейде екенін көрсетті. Ерлер де, әйелдер де елдің даму бағытына негізінен жағымды баға берген. Әйелдер арасында оң жауап үлесі 86,2 пайызды құрады. Бұл ерлер арасындағы көрсеткіштен 4,3 пайызға жоғары.
Жас ерекшелігі бойынша ең жоғары қолдау жастар арасында тіркелді. Сауалнамаға қатысқан жастардың 89,3 пайызы Қазақстанның қазіргі даму бағытын оң бағалаған. Бұл жас буынның елдегі саяси және қоғамдық өзгерістерді анағұрлым үмітпен қабылдайтынын білдіруі мүмкін.
Зерттеу нәтижесінде респонденттердің сатып алу қабілеті артқан сайын оң бағалар да көбейетіні байқалған. Яғни өз экономикалық жағдайының жақсарғанын сезінетін азаматтар бұл ілгерілеуді елдегі қазіргі саяси бағытпен байланыстыруға бейім.
Жалпы алғанда, сауалнама қазақстандықтардың ел дамуына қатысты бағасы негізінен оң сипатта екенін көрсетті. Қолдау деңгейі қала мен ауыл, ерлер мен әйелдер, әртүрлі жас және әлеуметтік топтар арасында да жоғары деңгейде сақталып отыр.
Әлеуметтік сауалнама ҚСЗИ тапсырысы бойынша 2026 жылғы 10 сәуір мен 10 мамыр аралығында жүргізілді. Іріктеу жиынтығы 8000 респондентті қамтыды. Сауалнамаға 17 облыс пен республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 18 жастан асқан азаматтар қатысты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







