Қазақстанда кейінгі он жылда жол апаттарынан 23 мыңнан аса адам көз жұмған. Бұл шамамен Түркістан облысындағы Жетісай қаласының халық санымен тең. Бұл туралы Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті төрағасының бірінші орынбасары Руслан Әлкенев мәлімдеді, – деп хабарлайды ErtenMedia.
Әлкеновтің сөзіне сенсек, жүргізілген талдау жол апаттарының негізгі себептері өзгеріссіз қалып отырғанын көрсетеді.
«Былтыр жол-көлік оқиғаларынан екі мыңнан аса адам қайтыс болды. Ал кейінгі он жыл ішінде бұл көрсеткіш 23 мыңнан асты. Бұл Түркістан облысындағы Жетісай қаласының тұрғындар санымен шамалас. Комитет жол апаттарын есепке алып отырады», – деді ол Сенаттағы дөңгелек үстел барысында.
Жол-көлік оқиғаларының басты себептерінің бірі – жол қозғалысына қатысушылардың, соның ішінде жаяу жүргіншілердің ережені сақтамауы.
Сонымен қатар, ведомство өкілінің айтуынша, халық, әсіресе, оқушылар арасында жол апатының алдын алу және жол ережесін түсіндіру жұмыстары әлсіз жүргізіледі. Сондай-ақ, мемлекеттік және ведомстволық қызметтер арасында тиісті үйлестіру мен өзара әрекеттің жеткіліксіздігі де жағдайды қиындатып отыр.