Қазақстанда көмір генерациясын дамытуға арналған ұлттық жоба мақұлданды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Құжатта жаңа электр станцияларын салу және жұмыс істеп тұрған нысандарды экологиялық талаптарға сай жаңғырту көзделген. Негізгі мақсат қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтып, көмір энергетикасының тиімділігін арттыру.
Жаңа станциялар бу мен температураның аса жоғары критикалық параметрлері бойынша жұмыс істемек. Соның нәтижесінде электр энергиясын өндіру тиімділігі 5-6 пайызға өседі. Көмір шығыны қысқарып, зиянды шығарындылар көлемі де азаяды.
Жоба аясында түтін газдарын тазартатын заманауи жабдық орнатылады. Атап айтқанда, шаң мен күлді ұстайтын электрофильтрлер мен қап сүзгілер, азот оксидтерін төмендететін селективті каталитикалық қалпына келтіру жүйелері, сондай-ақ күкірт қосылыстарын жоятын десульфурация қондырғылары енгізіледі.
Сонымен бірге қолданыстағы көмір электр станцияларын ең озық қолжетімді технологиялар негізінде кезең-кезеңімен жаңарту жоспарланып отыр. Ұлттық жоба толық іске асқанда зиянды заттар шығарындылары 34 пайызға қысқарып, негізгі генерациялайтын жабдықтардың тозуы төмендейді. Соның арқасында елдің энергия жүйесінің сенімділігі күшейе түспек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

