Қазақстан теміржол, автомобиль, порт және авиация инфрақұрылымын қатар дамытып, Қытай мен Еуропа арасындағы негізгі транзиттік тораптардың біріне айналып келеді. Time Business News пен MSN басылымдары елдегі ірі көлік жобалары Еуразия логистикасының жаңа архитектурасын қалыптастырып жатқанын атап өтті, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Халықаралық басылымдар ерекше назар аударған жобалардың бірі — «Бейнеу-Сексеуіл» автомагистралі. Жол пайдалануға берілгеннен кейін Қытайдан Еуропаға бағытталған жүктің жүретін қашықтығы шамамен 1 мың шақырымға қысқарып, жеткізу мерзімі үш күнге дейін азаюы мүмкін. Магистраль Қытаймен шекарадағы өткізу бекеттерін Ақтау және Құрық порттарымен байланыстырып, Транскаспий халықаралық көлік бағытының құрлықтағы маңызды буынына айналады.
Соңғы жеті жылда Қазақстан көлік инфрақұрылымына шамамен 35 млрд доллар инвестиция салды. Қаражат теміржол мен автомобиль жолдарын, теңіз порттарын, әуежайларды, шекаралық өткелдер мен цифрлық логистиканы дамытуға бағытталды.
Инвестицияның нәтижесі Орта дәліздегі жүк ағынынан көрініп отыр. Транскаспий бағыты бойынша тасымал көлемі жеті жылда бес есе өсіп, 2025 жылы 4,5 млн тоннадан асты. Контейнерлік тасымал шамамен 77 мың TEU-ға жетті. 2029 жылға қарай көрсеткішті 300 мың TEU-ға дейін жеткізу міндеті қойылған.
Қытай шекарасындағы Достық стансасынан Грузияның Қара теңіз порттарына контейнер жеткізу қазір орта есеппен 11-13 күнге созылады. «Бір терезе» қағидаты, электрондық құжат айналымы және бірыңғай цифрлық логистикалық жүйе енгізілген сайын бұл мерзімді одан әрі қысқарту көзделіп отыр.
Теміржолдағы басты серпілістің бірі — ұзындығы 836 шақырым болатын «Достық-Мойынты» желісінің екінші жолы. Жоба бағыттың өткізу қабілетін тәулігіне 12 пойыз жұбынан 60 жұпқа дейін арттыруға мүмкіндік береді. Жүк пойыздарының тәуліктік жүрісі 800 шақырымнан 1500 шақырымға дейін ұлғаяды.
Алматы стансасын айналып өтетін 75 шақырымдық теміржол да транзиттік жүкті мегаполис торабынан шығаруға бағытталған. Соның нәтижесінде тасымал уақытын бір тәулікке дейін қысқарту жоспарланған. Аягөз-Бақты бағытындағы жаңа теміржол желісі Қытаймен үшінші теміржол өткелін қалыптастырып, өткізу мүмкіндігін тағы бірнеше миллион тоннаға арттырмақ.
«Қорғас — Шығыс қақпасы» құрғақ портының да рөлі күшейіп келеді. Контейнерлік алаңдарды кеңейту мен автоматтандырылған басқару жүйесін енгізу нәтижесінде оның жүк айналымы 372 мың TEU деңгейіне жетті.
Автожол саласында «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» дәлізінің Қазақстандағы 2787 шақырым бөлігі негізгі транзиттік арқау болып отыр. Қазір 498 шақырымдық «Жезқазған-Қарағанды» трассасын төрт жолаққа дейін кеңейту жоспарланған. Жоба Қытай шекарасынан елдің батысына дейінгі тасымал мерзімін 11 күннен 5 күнге дейін қысқартуға бағытталған.
Қазақстан әуе логистикасын да кеңейтіп жатыр. 2025 жылы отандық авиакомпаниялар 15 млн-нан астам жолаушы тасымалдаса, ел әуежайлары шамамен 32 млн адамға қызмет көрсетті. 2026 жылы халықаралық бағыттар желісін 30 ел бойынша 135 бағытқа дейін ұлғайту жоспарланған.
Каспийдегі Ақтау мен Құрық порттары да Орта дәліздің теңіз қақпасына айналып келеді. Ақтауда контейнерлік хаб салынды, Құрықта теңіз түбін тереңдету мен инфрақұрылымды жаңғырту жүргізілді. Порттарды кеңейту контейнерлік қуатты үш есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Қазақстан ендігі жерде жекелеген жол немесе порт салумен шектелмей, теміржолды, автомобиль тасымалын, авиацияны, теңіз логистикасын және цифрлық сервисті бір жүйеге біріктіруге көшіп отыр. Осы модель іске асса, елдің географиялық орналасуы жай транзиттік артықшылықтан Еуразиядағы тұрақты экономикалық ресурсқа айналады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






